Сасық сай тоғанын толықтай тазарту 2023 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, күні бүгінге дейін тоғандағы жалпы көлемі 312 мың текше метр болатын 5 учаскедегі лас түптік шөгінді тазартылған. «Атырау мұнай өңдеу зауытының сарқынды суын, сондай-ақ, Атыраудың сол жағалау бөлігінің тұрмыстық қалдық суын залалсыздандыру мақсатында «Сасық сай» буландырғыш тоғанын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. «Атырау МӨЗ» ЖШС өз бөлігінде 860 га тоғанды қалпына келтіру және жою бойынша жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Ал, қаладағы бөлігі бойынша 476,2 га аумаққа рекультивациялау жұмысын «Павлодар өзен порты» АҚ бас мердігері іске асыруда», – деп нақтылады Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Еске сала кетсек, Сасық сай тоғанын түбегейлі тазарту 2021 жылы басталды. Жалпы ауданы 25,8 гектарға көпжылдық шөп, соның ішінде, шалғынды көк шөп, қызыл бетеге егу жоспарланып отыр.