ҚР Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының галереясы ашылды. ЕҰУ Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың көпжылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижелері қалың көпшілікке ұсынылды.
Галереяда XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының 100 көшірмесі ұсынылған. Оның ашылу салтанатына Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, ғылыми қауымдастық өкілдері және студенттер қатысты.
Іс-шараның ашылуы барысында ЕҰУ ректоры университет ғылым мен білімнің орталығы, бүкіл қала үшін ашық ғылыми-білім беру кеңістігі екенін атап өтті. Оқу орданың профессор-оқытушылар құрамы ғана емес, сондай-ақ елорданың жас ғалымдары мен оқушылары да ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың ғылыми-зерттеулерінің нәтижелерімен таныса алады.
«Бүгінде Қазақ мемлекетінің ең ерте картасы 1540 жыл деп белгіленген. Ол Швейцарияның Базель қаласында табылды. Жалпы, бүгін ашылған XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің картасы галерея білім берудің барлық деңгейіндегі студенттерге әр салада жаңа құзіреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл түрлі ғылыми және білім беру пәндері аясында Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі туралы білімді нығайтуға, патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етіп, елдің саяси және мәдени брендін қалыптастыруға ықпал етед. 12 сәуірде Брюссельдегі Еуропарламентте алғаш рет «XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі Еуропа және Америка карталарының галереясы» таныстырылады. Бұл – тарихи оқиға», – деп атап өтті ЕҰУ профессоры.Табылған және зерттелген карталар мен деректер 2022 жылы Қазақстан тарихының жаңа іргелі 5 томдық басылымына енген. Онда ЕҰУ профессоры Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарына байланысты екі авторлық бөлімді дайындады.