Ғылым күніне орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде 6-17 сәуір аралығында ғылым онкүндігі өтуде. Онкүндік аясында университеттің үздік студенттеріне 35 атаулы шәкіртақы табысталды.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес, үздік студенттерді анықтау, оларды ынталандыру, ғылыми әлеуетін көтермелеу, қазақтың біртуар азаматтарының есімдері мен еңбектерін насихаттау мақсатында 34 студентке 100 000 теңгеден, ал 1 студентке 120 000 теңге көлемінде атаулы шәкіртақы тағайындалады.
Атап айтқанда, қазақтың тұңғыш математигі Әлімхан Ермеков атындағы шәкіртақы, тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбаев атындағы шәкіртақы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш мұғалім Хұсни-Жамал Нұралыханова атындағы шәкіртақы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің территориялық тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Ташенев атындағы шәкіртақы және т.б. шәкіртақылар беріледі.