Өскеменде абақты аумағына лақтырылған тыйым салынған затты алмақ болған жазасын өтеушілер тәртіпке бағынбаған. Сондықтан мекеме қызметкерлері ауаға оқ атуға мәжбүр болды. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 14 сәуірге қараған түні сағат 00:21 шамасында Өскемендегі №16 түзету мекемесінің бекетінде болды.
Белгісіз біреу қоршаудың арғы жағынан түрме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырып жіберген. Оралған зат бақылау күзетіндегі тыйым салынған аймаққа түсті. Сол сәтте 3 сотталған адам жүгіріп келіп, затты алып кетпек болды. Оқиға орнына 6699 әскери бөлімінің екі бақылаушысы жедел жетіп, сотталғандарды ұстады. Алайда олар бақылаушыларға қарсылық көрсеткен. Жағдай ушығып бара жатқанын жоғарыда байқап тұрған сақшы дереу «Тоқта, артқа шегін, атамын!» деп айқайлап, автоматты сақтандырғыштан алып, жоғарыға ескерту оғын атты.
Осы сәтте бақылаушылардың бірі белгісіз затты тыйым салынған аймақтан негізгі қоршау жаққа қарай лақтырған.
Сол сәтте сотталғандардың бірі оны алу үшін негізгі қоршау аймағына қарай ұмтылған. Мұны сырттан бақылап тұрған сақшы айқайлап, аспанға ескерту оғын атады. Қарудың дыбысынан қорыққан сотталушы дереу артқа шегінген. Осы сәтте ішкі аумаққа жүгірген екеуі де ұсталды.