Атырау тұрғыны Оралға кетіп, жоғалып кеткен. Ер адамның туыстары мен полиция қызметкерлері оны бес күн бойы іздеп жатыр, – деп хабарлайды "Мой город" басылымы.
36 жастағы Азамат Асанғалиев 9 сәуірде Атыраудан Оралға кеткен, содан бері оның қайда екені белгісіз. Жоғалған азаматтың туысы Бекболат Қуатовтың айтуынша, сол күні Азамат оған телефон шалып, Оралда екенін айтқан. Алайда кейін оның телефоны өшірулі болған. Оның қолында құжаттары болған.
«Денсаулығында ақау жоқ, ішімдік ішпейді. Жоғалған күні оның үстінде көк джинсы шалбар, қара жеңсіз, қою көк жемпір, қою көк түсті аяқкиім және қара бейсболка болған», – деді ер адам.
Туыстары 12 сәуірде полицияға арыз жазған. Азамат Асанғалиевті көргендер болса, 8 (702) 372-30-04 телефонына хабарласуды сұрайды.