«АMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ұжымы мен партиядан сайланған мәслихат депутаттары «Мұнайтелеком» ЖШС және «АқтауТеңізПорты» ЖШС-на барып, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Алдымен олар «Мұнайтелеком» ЖШС-на барып, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. «АMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұханбет Сәбенұлы ұжымға партияның жұмысын таныстырса, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Салтанат Қашағанова бастауыш партия ұйымдарын жандандыруға арналған нысаналы трансферттің 20 пайызын қолдану туралы айтып берді, ал саяси жұмыстар бөлімінің маманы Серік Қожахметов партиялық жобалар аясындағы жұмыстардың бағдарламасын таныстырды.
«Мұнайтелеком» ЖШС-да өткен кездесуде мекеме қызметкерлері қалада құрылыс көп салынып жатқандықтан, ауызсу тапшылығы туындап отырғанын және медицина саласының ақсап жатқанын айтты. Сондай-ақ 16-шы шағынауданнан бастап 33-ші шағынауданға дейін мектептің жоғын алға тартты. Көтерілген мәселелер бойынша облыстық мәслихат депутаты Нури Тумышев пен Ақтау қалалық мәслихат депутаты Еркін Оңғалбаев жауап беріп, ұсыныстарын түртіп алды.
Ал Ақтау теңіз портындағы жиында ұжым қызметкерлері «Жер аманаты» жобасы бойынша қанша жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын сұрап, қаңғыбас иттердің мәселесін көтерді. Аманаттықтар олардың сауалдарына жауап беріп, партия қызметкерлері әрдайым тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға дайын екенін жеткізді.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ