Қазақстан Ядролық сынақтарға тыйым салудың ұлттық органын тағайындайды. Бұл қадамның символдық маңызы басым болса керек. Себебі ғалымдар мен сарапшылар жаһан бойынша осы сала тоқырауға ұшырағанын айтып жатыр. Ресей Беларуське тактикалық ядролық қару беретінін жариялады. Солтүстік Корея атом қаруын таситын жаңа құралды сынады. Украина, Тайвань сияқты тәуелсіздігінен толық айырылу қаупі төнген елдердің саясаткерлері заңсыз жолмен болса да, ядролық қаруға қол жеткізуді ұсынуда. Ал жаһандық антиядролық қозғалыстың қазір үні шықпай қалды. Бұл тұйықтан шығудың жолы бар ма?
Ядролық заманақырға 90 секунд қалды. Мұның да символдық мәні бар. «Қиямет күні Сағатының» (Doomsday Clock) тілі 2023 жылдың басында бірден 10 секунд алға жылжыды. Бұл адамзаттың «ядролық түнекке» жақындай түскенін білдіреді. Аталған символикалық сағат алғаш рет 1947 жылы АҚШ-та шығатын Bulletin of the Atomic Scientists атомшы ғалымдар бюллетенінің мұқабасында басылды. Содан бері оның тілдері бір секундқа да кері жылжыған емес. Тек сәл кідірді. Яғни, ғалымдар жаһандық антиядролық қозғалыстың жетістіктерін мардымсыз деп бағалап отыр.
Бұл басылымның атауы BAS деп қысқартылатыны белгілі. Бұдан да қазақ тілінде бір символизмді байқауға болады: ядролық қаруы бар державалардың бірінің басшысы символдық «ядролық қызыл нүктені» басса, сол сағаттың ұзын тілі «ядролық түн ортасын» («nuclear midnight») көрсетеді, барша адамзаттың басы допша домалайды.
BAS бюллетенінің президенті Рейчел Бронсон биылғы 24 қарашада Вашингтонда баспасөз конференциясын өткізді. Ядрошы ғалымдардың ортақ тоқтамын жариялаған Бронсон ханым 2023 жылы сағат тілінің 10 секундқа алға жылжуы «ядролық апокалипсиске», 00:00:00 межесіне бар-жоғы 90 секунд қалғанын білдіретінін мәлімдеді. Бұл шешімге негізінен Украинадағы соғыстың айналасындағы ахуал түрткі болған: «Ресей – Украина арасындағы қарулы қақтығыстың бақылаудан шығып кетіп, ядролық соққыға ұласу ықтималдылығы жоғары болып қалуда».
Бұдан нашар заман тек Кариб дағдарысы кезінде болыпты: сонда Кеңес одағының көшбасшысы Никита Хрущёв пен АҚШ президенті Джон Кеннеди алдымен дүниежүзілік атом соғысын бастай жаздады, соңынан ғаламат саяси ерік пен күш-жігер танытып, адамзатты ғаламдық апаттан құтқарып қалды. Әлем тарихында 1962 жылғы 27 қазан пенде атаулы жер бетінен тып-типыл жойылудан аман құтылған күн ретінде қалды.
Ал қазіргі күйзелістің немен бітетіні әзірге белгісіз, шиеленіс шырқау шегіне жеткен жоқ, енді ғана ширығып келеді.
Тәуелсіздік жауапсыздыққа жат ұғым
Ахуал екі жыл бұрын ушықты. 2021 жылы Ресей АҚШ-пен арасындағы Ядролық материалдарды орналастыру жөніндегі келісімді бұзып, одан біржақты түрде шығып кетті. Бұл құжат әлемге бақылаусыз таралып кетпеуі, террористік топтардың қолына түсіп, лас бомба жасалмауы үшін ядролық материалдарды есепке алуды қарастыратын.
Екі жыл бұрын, 2021 жылғы наурызда РФ үкіметі АҚШ Энергетика министрлігі мен «Росатом» арасында сонау 1999 жылы қол қойылған, «РФ аумағындағы ядролық материалдардың қозғалысына» қатысты келісімнің күшін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Кремльдің бұл қадамы америкалық сарапшыларды қатты тіксінтті. Себебі құжат байытылмаған уранды әскери мақсаттарда пайдалануға тыйым салатын.
«Бұл Кеңес одағы күйрегеннен кейін осы салада бекітілген стратегиялық маңызды халықаралық құжаттардың бірі болатын. КСРО ыдыраған соң, одан мұраға қалған ядролық қару мен ядролық материалдардың болашағы бұлыңғыр болып кетті. Оларды бақылауға алмаса, лаңкестердің қолынан бір-ақ шығуы мүмкін еді. Проблеманың шешілуі жолында алдымен Қазақстан қадам жасап, өзіне мирас болған ядролық арсеналдан құтылды. Оларын Ресейге тапсырды. Артынша Беларусь пен Украина да ядролық жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартты. Сол кезде Ресей Үкіметі ядролық материалдарын бақылауда ұстай алмады, сондықтан оған Америка көмекке келді. Бұл төтенше маңызды құжат еді, бірақ ол туралы көпшілік біле бермейді», – дейді АҚШ Бейбітшілік институтының эксперті Дональд Дженсен.
АҚШ пен Ресей арасында жаппай қырып-жою қаруларын және ядролық материалдарды бақылау саласында ондаған жылдар бойы жолға қойылған байланыстар бырт-бырт үзіле бастады.
Вудро Вильсон халықаралық ғылыми орталығының қызметкері Уильям Хилл Мәскеудің аса маңызды халықаралық құжаттарды жоюының еш негізі, себебі болмағанын айтады.
«РФ басшылығына Владимир Путин келгелі Ресей ұқсас көптеген халықаралық шарттардан шықты. Путин бұл құжаттардың кесірінен Ресей АҚШ пайдасына өз тәуелсіздігі мен егемендігін құрбан етті деп босқа жала жапты. Шынында, оның бәрі ядролық алпауыттарды құрықтап ұстауға бағытталған, жауапты болуға иліктіретін тепе-теңдік және тежемелік тетігінің ажырамас бөліктері еді. Ресей «Нанн–Лугар бағдарламасы» деген атпен белгілі «Қауіп-қатерді бірлесіп азайту» бағдарламасының талаптарына негізсіз кінә тағып, 2012 жылдан бері осы бағыттағы келісімдерден біртіндеп шығып жатыр. Соның барлығында Мәскеу Ресейдің егемендігін нығайтуды сылтау етеді. Бірақ Ресейдің егемендігі оның ядролық қаруды қалағанынша, жауапсыз жұмсауын білдірсе, онда ядролық державалар ондай қаруы жоқ жүздеген мемлекетті кепілге алып, адамзатты ақырзаман шыңырауына құлатады ғой», – деп алаңдайды Уильям Хилл.
Сынақтарға Қазақстан жол бере ме?
Сыныққа сылтау іздеген Кремль бүгінде «егемендігін нығайтуға» енді Украинадағы жанжалын «жамады». 2023 жылғы 28 ақпанда В.Путин АҚШ-пен арасындағы Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы келісімнің күшін тоқтата тұру туралы заңға қол қойды. Бұл – қос мемлекет арасындағы қару-жарақты бақылауға қатысты соңғы келісім болатын. Мамандар СНВ-III аталған бұл құжаттың орнын ешқандай келісім баспауы мүмкін екенін ашық айтады.
Осы қадамға баратынын В.Путин алғаш рет биылғы 21 ақпандағы ел Парламентіне жолдауында жариялады. Мәскеу қожайыны НАТО елдеріне доқ көрсетіп, «РФ 32 жыл бұрын доғарылған ядролық қаруды сынау тәжірибесіне қайта оралуы мүмкін екенін» ескертті. Бұл мәлімдеме қазақстандық сарапшылардың төбе шашын тік тұрғызды. Себебі Кеңес заманында ядролық сынақтар қазақ жерінде, негізінен Семей, Азғыр ядролық полигондарында сыналды. Қазіргі уақытта РФ Қазақстандағы бірқатар әскери полигондарды жалға алып отыр. Мысалы, осыдан үш күн бұрын Ресей қазақстандық Сарышаған полигонында өзінің континентаралық баллистикалық зымыранын жарды. Бұл зымыран қажет болса, ядролық оқтұмсықпен жабдықтала алады.
Бірақ қазақстандық ядрошы физик Сергей Кислицын екі ел арасында Қазақстанда ядролық қаруды сынау туралы келісімнің жоқтығын, онсыз сынақ жүргізуге жол берілмейтінін айтады. Бұған қоса, Қазақстан Президентінің жарлығымен 90-шы жылдардан бері Қазақстанда ядролық қаруды сынауға қатаң тыйым салынған.
Ал Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы келісім АҚШ пен РФ арасында 2010 жылы бекітілді және 2021 жылы ұзартылды. Ол 2026 жылға дейін күшінде болуға тиіс еді. Оған сәйкес, Ресей де, Америка да стратегиялық ядролық күштерінің соққыға дайын болуы үшін өрістетілген континентаралық баллистикалық зымырандарының санын 700 бірліктен, оларға арналған қолдануға дайын оқтұмсықтар санын – 1 550 бірліктен, ал осындай зымырандар ұшыратын қондырғылар санын – 800-ден асырмауға міндеттеме алған. Тараптар ядролық зымырандар базаларында, сүңгуір қайықтарда және авиациялық базаларда бірлескен инспекция жүргізуге келіскен-тін.
Бүгінде бұл уағдаластықтардың да бұзылған жайы бар.
В.Путин ядролық оқ-дәрілердің жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты АҚШ-та 1990 жылы доғарылған ядролық қару сынағын қайта жандандыру туралы пікірталас жүріп жатқанын алға тартты.
«Осыған орай РФ қорғаныс министрлігі мен «Росатом» ресейлік ядролық қарудың сынағын қамтамасыз етуге дайындықты бастауы қажет. Біз әрине, сынақты бірінші болып бастамаймыз. Бірақ егер АҚШ ядролық сынақ өткізсе, біз де дереу сынақ өткіземіз», – деді РФ басшысы.
Ол жаппай қырып-жою қаруларын тежеуге қатысты бұрынғы келісімдердің бәрі «принципті түрде басқа жағдайда, өзара сенімді нығайту және шиеленісті төмендету аясында» қабылданғанын, енді оның бәрі тарихтың еншісінде қалғанын, Мәскеу мен Уашингтонның қайтадан бірін-бірі қарсылас санайтынын айтып, дәйектеуге тырысты. Шынында, Мәскеу тәуелсіз Украинаны басып алуға ұмтылып, соғыс ашпағанда, ядролық соғыс тақырыбы күн тәртібіне шықпас еді.
Антиядролық қозғалыстың жанданғаны жөн
В.Путин Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу туралы келісімнен (СНВ-III) шығуға Ресейдің Энгельстегі ядролық соққы беруге арналған стратегиялық авиабазаларына Украинаның шабуыл жасағанын сылтау етті. Себебі оның байламынша, бұл «тікелей Батыс көмегімен жүзеге асырылыпты-мыс». Алайда оған Украинаның шабуылдағаны да дәлелденбеді. Белгісіз бір шағындау дрондар ұшып барып жарылған. Украина оған қатысы барын ресми растамады.
Мұнымен тоқтамаған Мәскеу жағдайды ары қарай ушықтырды. Владимир Путин биылғы 25 наурызда Ресейдің Беларусьте тактикалық ядролық қаруды орналастыратынын жария етті. Әрине, Кремль зілді мәлімдемесін іске асыруға әзірге кіріскен жоқ. Дегенмен халықаралық сарапшылар бұл мәлімдеменің және ниеттің өзі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан жолға қойылған ядролық қаруды таратпау режиміне тікелей қайшы келетінін айтады.
В.Путин осыған қатысты Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен уағдаластыққа келгенін жеткізді. Мәскеу басшысы бұл қадамның «ядролық қаруды таратпау режимін бұзбайтынына» сендіріп бақты: себебі Минск ядролық зарядтарды қалағанынша қолдана алмайтын көрінеді. Беларусь жерінде орналастырылатын ядролық зымырандардың барлық тізгіні Кремльдің қолында қалады.
Сонымен бірге Путин беларустік 10 әскери ұшақтың тактикалық ядролық қаруды қолдану үшін қайта жарақталғанын, Минскіге ядролық зарядтарды алып ұшатын «Искандер» зымыран кешендері табысталғанын мәлім етті. РФ президенті Беларусь аумағында биылғы 1 шілдеге дейін тактикалық ядролық қару сақталатын қойманың құрылысы аяқталатынын хабарлады.
Францияның Radio France Internationale халықаралық радиоарнасына сұхбатында беларусь ғалымы, радиациялық химик Сергей Бесараб Беларусь КСРО ыдырағаннан кейін мойнына алған барлық халықаралық міндеттемесін бұзғанын қаперге салды.
«1993 жылы еліміз ядролық қарудан толығымен бас тартып, Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге ресми түрде қосылды. Яғни, ядролық қарусыз мемлекетке айналды. Қазіргі кезде келісімді түбегейлі бұзатын қадамдар жасалып жатыр. Өйткені келісімнің бірінші және екінші баптарына сәйкес, ядролық елдер ядролық қарусыз мемлекеттерге тікелей немесе жанама түрде ядролық қаруды бермеуге міндеттеме алды. Тиісінше, Беларусь өз міндеттемесі бойынша бұл қаруды тікелей де, жанама түрде де ала алмайды. Осылайша, Мәскеу және Минск шиеленісті өте қуатты түрде эскалациялауға баруда», – деді ғалым.
Ол Беларуське ұсынылған «Искандер-М» зымыран кешені ядролық оқтұмсығы бар зымыранды 500 шақырымға ұшыра алатынын еске салды. Ендеше, Польшаның астанасы Варшаваға немесе Литваның бас қаласы Вильнюске дейін жетіп, ядролық соққы бере алады. Осы елдер НАТО-ға мүше, тиісінше, Альянс оларды заманауи әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз етуде.
Бірақ, С.Бесарабтың түсіндіруінше, Искандерлердің әскери ядролық бөліктері өзін-өзі жару режимімен (режим самоподрыва) жабдықталған. Сондықтан егер ұшып бара жатқан зымыранның бүтіндігіне зақым келсе, немесе оны зымыранға қарсы кешендер қағып түссе онда осы өзіндік жару жүйесі іске қосылады. Ғалым мұны да «ең нашар сценарий» деп атады: онда әуеде ядролық жарылыс болады, айнала өзен-көлдер, ормандар, қалалар және басқасы ластанады.
Сарапшының байламынша, егер 1 шілдеде Беларустегі ядролық оқтұмсықтар сақтау қоймасын жөндеу аяқталып, Ресейдің осы қаруды Беларуське жеткізгені анықталса, онда Батыс та ядролық тактикалық қаруды Украинаға және Тайваньға жеткізе алады. Одан ары әлем ядролық шыңырауға құлауы мүмкін. Себебі содан қорғап келген қорғанның қабырғалары күйрей бастады.
Қорыта айтқанда, әлемнің стратегиялық тұрақтылығы тепе-теңдігін жойып, теңселіп тұрған жайы бар. Ядролық қаруды тежеп келген келісімдердің бұзылуының өзі өте қауіпті бетбұрыс болатын. Енді, міне, ядролық зарядтарды соғыс қимылдары жүріп жатқан аумаққа жақын орналастыру бағытында практикалық қадамдар жасалып жатыр.
Бұл жағдайда антиядролық қозғалыстың тым-тырыс қалғаны дұрыс емес. «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов осы тақырыпқа арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда бұл тұрғыда халықтық және парламенттік дипломатияның әлеуетін де кең қолдануға болатынын білдірді. Мәскеу мен Батыс арасындағы қақтығыс өрті сөндірілмей бұл бағытта ілгерілеу қиын көрінеді. Әйткенмен, соғыстың бітуін күтіп, қол қусырып отыра берсе, мұның соңы ядролық қарудың қолданылуымен аяқталуы ықтимал.
Жасыратыны жоқ, жаппай қырып-жою қаруын таратпау қозғалысының лайықты көшбасшысы болған Қазақстанда билік транзиті өткелі бұл тақырып кейінгі орынға сырғыды. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау болса, антиядролық қозғалыс парламентарийлерді жұмылдыру арқылы осы қызметке жаңа серпін беруге дайын. Әзірге жаһандық антиядролық қозғалыс құру мақсатында Қазақстан бастамашы болған, қыруар қаржы шығындалған халықаралық «АТОМ» жобасы мен порталы да 2020 жылдан бері қараусыз қалдырылыпты.
Таяуда ел Үкіметі Энергетика министрлігін Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұлттық орган ретінде тағайындады. Сонда бұл орган немен айналысады?
«Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартқа сәйкес оған қатысушы әрбір мемлекет ядролық қарудың сынақ жарылысын жасамауға, оның юрисдикциясындағы немесе бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылысқа тыйым салуға және оның алдын алуға міндеттенеді. Шарттың сақталуын жан-жақты бақылау сейсмикалық, радионуклидтік және инфрақызыл бақылау саласындағы заманауи технологиялар қолданылатын ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт бойынша ұйымға жүктелген. Тексеру режиміне сейсмологиялық, радионуклидтік, гидроакустикалық және инфрақызыл бақылау жүйелері жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ консультациялық рәсімдер, жергілікті жерлердегі инспекциялар және қауіпсіздік шараларынан тұратын халықаралық мониторинг жүйесі кіреді», – деп түсіндірді Энергетика министрлігі. Яғни, бұл шаралар Қазақстанның өз ішіндегі шаралармен шектеледі.
Қалай болғанда, адамзатты ақырзаман қаруынан арылтып, ядролық зұлматтан ада әлем құру мақсаты сол бұрынғыдай көкейкесті, қажетті, өмірлік маңызды болып қалуда. Бұл ретте Қазақстан ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты ұйымдар аясындағы саммиттерде, келіссөздерде Мәскеуді ядролық шоқпарды сілтеп, қоқан-лоққы жасау саясатынан бас тартуға иліктіруге күш салса құба-құп. Әйтпесе, Батыс Ресейге ядролық жауап соққы берсе, оның зияны, залалы мен шаңы Қазақ елін де жауып тынатынын ұмытпаған абзал. Төрткүл дүниеде халықтардың бейбіт қатар өмір сүруі орныққанда ғана, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады. Ол болмаған соң өзара сенімін жоғалтқан ядролық алпауыттар ядролық қаруға қарсы жаһандық кепілдіктер мен тетіктерді тығырыққа тіреп отыр.
Айхан ШӘРІП