Алматы қаласындағы Боралдай сақ қорғандары археологиялық кешені еліміздегі маңызды тарихи ескерткіштер қатарына жатады. Ашық аспан астындағы бұл кешен жайлы деректер ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді. Бірегей ескерткіш 2006 жылы 3D картаны модельдеу үшін аэротүсірілім кезінде анықталған. Артынша сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей бастамасымен оның аумағы толық қоршалып, зерттеу жұмыстары басталып кетті. Мыңдаған жылдық тарихтан сыр шертетін археологиялық кешен 2018 жылы Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандарының тізіміне енді.
Көсемдердің қорымы
«Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік-батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Кешеннен табылған көне жәдігерлер мен әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілмей сақталған бірнеше биік қорымдарға қарап, ғалымдар Боралдай кешенін б.з.д. VІІІ-ІІІ ғ.ғ. Жетісу жерін мекендеген сақ тайпалары, б.з.б. ІІІ ғ. – б.з. ІІІ ғ. үйсін тайпалары мекен еткен деген болжам жасаған.
Жалпы аумағы 435 гектар аймақты алып жатқан археологиялық парктің аумағында ерте темір дәуірі кезіне жататын сақ-үйсін тайпаларының 47 қорғаны орналасқан. Кешен ішіндегі қорғандардың ең үлкенінің биіктігі 14 метрге дейін жетеді, ал диаметрі шамамен 80-150 метрді алып жатыр. Кешен қызметкері Әлжан Иманәлиевтің айтуынша, бұл қорымда сақ және үйсін тайпаларының билеуші әулеттерінің өкілдері, лауазымды тұлғалары жерленген деген ғылыми тұжырым жасалды. Мамандар бұл қорымдар бұдан да бірнеше есе биік болып салынуы мүмкін екенін айтады. Уақыт өте, жер қабаттарының көтерілуіне байланысты біздің заманымызға осы көлемі ғана сақталып жеткен. Биік қорымдарды тұрғызу үшін топырақ алынған жерлер кешен аумағында әлі күнге дейін сақтаулы.
3 мың жылдық тарихы бар мекен
Ғалымдардың айтуынша, кешен сақтардың жерлеу орындары болған. Осы дерекке сүйеніп, сақтардың осы Алатау бөктерінде өмір сүрді деп айтуға толық негіз бар. Кешен қызмерткерлері Алматы қаласының тарихына қатысты да тың деректер айтты.
«Қазір Алматы қаласы орналасқан жердің тарихы үш мың жылдан асады. Климатының жайлы, топырағының құнарлы және суының мол болуының арқасында бұл жер бос жатпаған. Бұған археологиялық жәдігерлер дәлел. Шамамен б.з. дейінгі Х ғасырдан бастап мұнда ірі тайпалар қоныстанды. Әуелі сақтар мекендеді. Кейіннен оларды үйсіндер алмастырды», дейді кешеннің экскурсоведі Әлжан Қынуарбекұлы.
Кешенді толық таныстырып шыққан Әлжан Иманәлиев қорымдардың көлеміне қарап тұрып, оларды салуға қатысты ойын жеткізді. Оның пайымынша, мұндай биік қорымдарды салу мыңдаған адамды асарға жұмылдыру арқылы салынған болуы мүмкін.
«Жоғарыда айтқанымдай, бұл қорымдар бұдан бірнеше есе биік болғаны анық. Құрылыс жұмыстары бірнеше жылға созылып, оған мыңдаған адам жұмылдырылған болуы мүмкін. Әрине, құрылыс тек күн жылынған уақытта жүріп, қысқа қарай тоқтап отырған сыңайлы. Сол кезде жан-жақтан келген жұмысшылар өз аймақтарына қайтып, көктемде қайта келіп отырған. Сол кезде өткен жылы бірге жұмыс істеген адамдар бір-бірімен сағыныса көрісіп, ас беріп, той тойлаған. Ол қазіргі Наурыз мерекесінің уақытымен сай келеді. Бұл жиын қазіргі Асарлату салты мен Көрісу және Наурыз мерекелерінің бастауы болған сияқты» деп топшылайды Ә. Қынуарбекұлы.
Ұзындығы 3 шақырымды, ені 800 метрді алып жатқан тарихи кешен аумағында келушілерге ежелгі сақтардың қалай жерленгені туралы дерек ұсынатын бірнеше макет бар. Археологиялық қазба жұмыстары кешенінде анықталған деректер негізінде жасалған макеттерден сақтарда қайтыс болған кісіні ыдыс-аяқтарымен бірге көмгенін көруге болады.
«Бұл бабаларымызда сол кездің өзінде өлімнен кейінгі өмір бар деген түсінік болғанын көрсетеді. Тіпті, кейбір қорымдардан мініс аттарымен бірге жерленгендері де кездеседі. Сондай иесімен бірге жерленген жылқылардың ішінде кейбірінің құйрық-жалдары алтын жіптермен өрілгендері де бар. Менің пайымдауынша, мұндай қорымдарда сол замандағы лауазым иелері мен
ауқатты адамдары жерленген болуы мүм-кін», – дейді кешен қызметкері Әлжан
Иманәлиев.
«Тұрған үйі дөңгелек...»
Кешеннің ішінде ежелгі сақтардың қорымдарынан бөлек тұрғын үйлерінің бірінің қайта жаңартылған нұсқасы орналасқан. Б.з.д IV ғасырға тиесілі үй лашық іспеттес болғанымен, ішкі жағы мен шаңырағы киіз үйдің формасына ұқсайды. Бұл лашықтың түпнұсқасы өткен ғасырдың 1970 жылдары Медеу мұз айдынының құрылысы жүргізіліп жатқан кезде таудағы тастардың арасынан шыққан. Бұл жәдігер қазір әйгілі спорт кешені тұрған жерден 300 метр қашықтықтан табылған. Бір қызығы, тау жыныстары мен үйме топырақтың астынан шыққан лашық сол күйі бұзылмаған. Кешеннің аға ғылыми қызметкері Дәулеткелді Тұрғанбаев Боралдай сақ қорғандарының Алматы аумағындағы ерте темір ғасырынан жеткен жалғыз ескерткіш екенін айтады.
Оған қоса, кешен Алматы қаласы бойынша Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 6 ескерткіштің бірі. бұл тарихи нысан осы күнге дейін сақталып келді. Қазір ашық аспан астындағы музейді сақтап қалу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл археологиялық парк аумағынан сақ мәдениеті орталығының құрылысы басталмақ. Қазір бұл нысанның жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Енді аз уақытта құрылыс жұмыстары басталмақ. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 6.7 миллиард теңге қарастырылған.
Осы жоба негізінде кешен ішіндегі әрбір қорымға баратын жол салынып, коммуникация мәселесі де шешіледі.
«Жоспарланған дүниелер жүзеге асып жатса, кешенге келушілер саны арта түсер еді. Тіпті, шетелдік туристерді қызықтыратын бірден-бір орынға айналдыруға толық мүмкіндік бар. Нәтижесінде, Сақ қорғандары еліміздің туризм саласын дамытуға қосылған сүбелі үлес болмақ», – дейді Әлжан Иманәлиев.
Кей елдер осындай дүниелерді қолдан жасап, өзгелерді соған жатпай-тұрмай шақырып, туристік орталыққа айналдырып жатады. Ал бізде ондай тарихи ескерткіштердің түпнұсқасы сақталған. Соның бірі Боралдай сақ қорғандарын көздің қарашығындай сақтай білгеніміз абзал. Мұнда турист тартып, табыс табудан бұрын келер ұрпаққа тағылымды тарихымызды таныту міндеті тұрғанын да ұмытпағанымыз жөн.
Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы