Басылымға сұхбат берген Абдул Керім Абдул Фати Адешиннің айтуынша, ол 2014 жылы Нигерияның Лагос қаласынан Астанаға көшіп келген.
«Астанаға осы қалада ағылшын тілін үйрететін немере ағам шақырған болатын. Бір-екі айдай ағылшын тілінен сабақ бердім, артынша музыкаға бет бұруды жөн көрдім. Себебі мен Африкада музыка жазып, ән шығарумен айналысатынмын. Қазір Астана қаласында жеке шығармашылықпен айналысамын. Неге «Астананы таңдадыңыз?» дегіңіз келсе, бұл – мен тұрақтаған бірінші қала. Сонысымен маған ыстық», – дейді ол.
Алайда әлемдегі ең ыстық құрлықтан келген Абдул Керім алғашында Астанадағы қысты көрген кезде аң-таң болғанын жасырмады.
«Астананың қысы өте суық. Бірақ мен қыс келген кезде кейде Алматы немесе Шымкент қалаларына барып уақытша тұрақтаймын», – дейді африкалық жігіт.
Дегенмен елдің бәріне африкалық жігіттің қазақ тілін қалай үйренгені қызық екен. Қазір Абдул Керім қазақ тілінде еркін сөйлейді.
«Бәрі менің қазақшаны қалай үйренгеніме аң-таң болады. Бар болғаны, достарыммен, айналаммен қазақша сөйлесуге тырыстым. Қазақша кітаптар оқыдым. Ешқандай курсқа бармадым. Өз бетіммен үйрендім», – дейді ол.
Сондай-ақ Абдул Керім «Қазақ тілін үйрену қиын» дегенді жиі еститінін айтады. Оның сөзінше, меңгерем деген адамға қиын тіл жоқ.
«Мен сізге мынаны айтайын: әлемде қиын тіл жоқ. Мен қазақ тілін қоса есептегенде сегіз тіл білемін. Бәрін оңай үйрендім. Менің үйрену әдісім қарапайым: Естимін. Сұраймын. Қайталаймын. Үйреніп аламын. Мен қазақша дұрыс сөйлей білмесем де, сөйлей беремін. Кейбірі «Әй, сен шала сөйлейсің. Сөйлемді дұрыс құрмайсың» деп орта жолдан тоқтатқысы келсе де, сөйлей беремін. Ұялмаймын. Дұрыс емес екенін біліп тұрсам да сөйлей беремін. Өзге тілде сөйлесем де, арасына қазақша сөздер «қосып» жіберемін.
Мені үнемі қолдап жүретін достарымды ерекше жақсы көремін. Қатты сыйлаймын. Әдепкіде олар өзара қазақша сөйлегенде «Мыналар не айтып жатыр екен?» деп беттеріне қарап отыратынмын. Не жайында әңгімелесіп жатқанын білгім келеді. Кейбірі «Әбеке, сен қазақша жай сөйлейсің. Тұра тұр» десе де, «Бауырым, жай сөйлесем де, тыңдайын. Сосын үйреніп кетемін» деп олармен қазақша сөйлесуге тырысатынмын.
Қазір қазақшамды жетілдіріп алғаным сонша, достарым анда-санда орысша сөйлегенде «Түсінбедім? Қазақша айтшы» деп айтамын», – дейді Абдул Керім.
Сонымен қатар сұхбат барысында Абдул Керім Қазақстандағы әншілердің басым бөлігін танитынын, барлығымен жақсы араласатынын, тойға, концерттерге жиі шығатынын айта кетті.
Абдул Керіммен сұхбаттасқан "Түркістан" басылымының тілшісі Әлия Тілеужанқызы.
Бейне материалды мына сілтемеден көруге болады.