Тоқаев: Жұрт коммуналдық қызметке төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруы тиіс

Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жиын өтті. Үкімет, Парламент, Президентке тікелей есеп беретін мекеме басшылары, әкімдер қатысқан жиында әлеуметтік мәселе талқыланды. Елдің тұрмысын жақсарту үшін алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс тапсырмалар берілді. Оның ішінде, жергілікті әкімдіктерге арыз-шағым толастамайтын коммуналдық сала да бар. 

«Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет.

Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуға тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек.

Жұрт коммуналдық қызмет үшін төлеген ақшасы қайда кетіп жатқанын көріп отыруы тиіс. Қазіргі заманғы ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Фото: uralskweek.kz