Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіндегі Ғылым апталығының жабылу сәтінде ғылымға бет бұрған оқытушылар үшін бас ғимаратта «Ұлт ұстаздары» ғылым орталығы ашылды.
Орталық салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлжан Сүгірбаева ғылым мен білімнің ерекше рөлін айшықтап, үздіксіз алға басудың белесін белгілейтін маңызды шара аясында жүзеге асып отырған игі іс екенін айтып өтті. «Орталық Ұлы дала ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, шежірелі тарихымызда жарқын із қалдырған ұлы ойшылдарымыз – әл-Фарабидің, Ахмет Ясауидің, Абай Құнанбайұлының, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін, шығармашылық мұрасын зерттеуге, зерделеуге, алыптардың ізін басып, жолын жалғауға қызмет етпек. Тамыры тереңге бойлаған ұлттық ілім-білімнің танымдық қасиетін игеру – педагог мамандарға жүктелген жоғары кәсіби міндет деп білеміз»,– деді Гүлжан Дәулетбекқызы.
Орталықта Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген ұлағатты сөзі жазылыпты. Ұстаздар ұстаханасы аталып кеткен осынау оқу орны педагог кадрларды дайындаудың ерекше үлгісін көрсетіп келеді.
Салтанатты жиыннан соң, оқу орнында білім алушылардың дәстүрлі республикалық XІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық мәжілісі жалғасын тапты. Мәжілісінде ОҚМПУ студенттері тақырыптық ғылыми ізденістерінің нәтижелерімен таныстырды. Іс-шара барысында «2022 жылдың ғылым жетістіктері» аталымдары бойынша үздіктер марапатталды. Ал ғылыми-тәжірибелік конференциясының жеңімпаздары жеке-дара аталып, оларға сый-құрмет көрсетіледі.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы