«AMANAT» фракциясының депутаттары Мақсат Толықбай, Айдос Сарым және Ринат Заитов Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдады.
Мақсат Толықбай бұл сауалдың ұлттық руханият пен келешек ұрпақтың тарихынан ажырамауы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Қазақ мемлекетінің ғана емес, әлемнің тарихында ойып тұрып орын алған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, VI ғасырдан астам уақыттың куәсі болып, мемлекеттің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүгінгі жағдайы мүшкіл.
«Кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес. Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан.
Мінеки, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерастына кетіп қалу қаупі төніп тұр», – деп нақтылады Мақсат Толықбай.
2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген.
«Біз бүгін , VI ғасырдан астам уақыт күллі Түркі-Тұран халқының ұлы жәдігері, Қазақ мемлекетін сан ғасырлық сынақтардан аман алып өткен хандар мен билердің, батырлар мен қайраткерлердің пантеоны, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтауға міндеттіміз.
Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жерастына жіберіп алсақ, 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылдың 10-25 қыркүйегінде Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ.
Сол себепті Алтай Сейдірұлы, мен сізден кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз», – деді Мәжіліс депутаты.