Бас прокуратура: Жемқорлардың мал-мүлкін тәркілеп, 9,2 миллиард теңгені мемлекетке қайтарды

Тәркіленген мүліктердің арасында жер телімдері, үй, пәтер, көлік те бар.

Бас прокуратура салық төлеуден жалтарып, сыбайлас жемқорлықпен жекенің қолына өтіп кеткен мүліктерді  мемлекет меншігіне қайтарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Атап айтқанда, былтыр қаражатты тәркілеу, жер телімдерін, жылжымайтын мүліктер мен көліктерді мемлекетке қайтару арқылы 9,2 миллиард теңгеден астам шығын өтелді.

Астана, Алматы және Өскемен қаласындағы коммерциялық нысандар жергілікті атқарушы органдарға берілді.

Астана қаласы, Алматы қаласы, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және өзге облыстардағы жер телімдерін, жылжымайтын мүлік, өндірістік кешендерді мемлекетке қайтару процесі жалғасып жатыр.

Биыл 1,5 млрд теңге жиналды. Прокурорлар мүлікті иеліктен шығару туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тану туралы 36 талап-арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды.

Жоғарғы сот Бас прокурордың наразылығы негізінде Алматы қаласының апелляциялық сотының «Горный Гигант» ықшамауданындағы жер телімдері мен  RBK Bank  АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктерін тәркілеуден босату туралы шешімінің күшін жойды. Мемлекетке қайтарды.

Атырау облысында прокурордың өтініш хаты бойынша 1,5 млрд теңгеден астам шығынды өтемеген азамат Б.-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының күші жойылды.