«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері бойынша өңірлік Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде кеңес мүшелері экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторға қатысты бірнеше мәселе қаралып, тиісті басқармалардың атқарған жұмыстары бойынша есептері тыңдалды.
– Шағын және орта бизнес – экономикалық даму қарқыны мен нәтижелі жұмыспен қамту деңгейін анықтайтын жетекші секторлардың бірі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, облыс бойынша 61,5 мыңнан астам ШОБ субъектісі жұмыс істейді, онда 157,9 мың адам жұмыспен қамтылған, өнім мен қызмет көрсету көлемі – 1 409,3 млрд теңгені құрап отыр,– деді Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Елдос Байраметов.
Қоғамдық кеңес мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті қолдау бойынша берген тапсырмаларымен «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» атты сайлауалды бағдарламасындағы осы салаларға арналған нақты тапсырмаларды сапалы орындау қажеттігін атап өтті.
– Қоғамдық кеңестің негізгі міндетін сіздерге тағы бір қайта ескертіп өтейін. Осында отырған кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары бәрі де халықтың жағдайын жақсартуға, еліміздің кәсіпкерлік және экономикалық саласын дамытуға арналған нақты тапсырмалардың сапалы, уақытылы орындалуын қадағалайды. Күні кеше Мемлекет басшысы атап өткендей, біз сөзден іске көшетін кез келді. Тиісті басқарма басшылары жақсы жазылған баяндамаларды оқып беру жеткіліксіз, бізге атқарылған жұмыстар қажет, – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Зоя Новолодская.
Сонымен қатар жиында ішкі туризмді дамыту және «Өркен-КШТ» индустриялық аймағының құрылыс барысы туралы мәселелер де сөз болды.