Жетісу облысының полицейлері жаркенттік кәсіпкерден ақша талап еткендерді ұстады, – деп хабарлайды Полиция департаменті.
Жетісу облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері арнайы жасақ жауынгерлері көмегімен ақша бопсалауға қатысы бар күдіктілерді ұстады.
"Топ үш адамнан тұрады. Біреуі – Алматы қаласының тұрғыны, екіншісі Алматы облысынан, үшіншісі Жетісудан. Олар жәбірленушіден ақша алу кезінде ұсталды. Олардың біреуінен 9 миллиметр калибрлі 13 оқ-дәрісі бар тапанша тәркіленді", – деді облыстық ПД өкілі Сарқытбай Құсайынов.
Күдіктілер Жаркентте ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олар жергілікті кәсіпкерден 15 мың қытай юанін (шамамен 990 мың теңге) талап еткен.