ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Вагнер" ЖӘК қатарына қосылған Қазақстан азаматы туралы ақпаратқа түсініктеме берді.
"Біз өзге елдің әскеріне қосылуға ниет білдірген немесе сондай ойы бар барлық азаматтар 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертеміз, себебі мұндай әрекет Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Украинадағы қақтығыс – біздің соғыс емес. Туған-туыстарыңыз жайлы ұмытпаңыздар. Біздің елдің азаматына қатысты айтарым, ол кәмелетке толған, ересек адам өзі шешім қабылдады дегенге саямыз. Әрине, бейбіт заманда соғыс іздегені өкінішті", – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада журналистермен кездесуде.
СІМ студенттің ата-анасымен үнемі байланыста, көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Қазақстандық тарап барлық тиісті сауалдарды Ресей Федерациясының құзыретті органдарына жолдады.
"Біз ақпаратты тексереміз. Мүмкіндігінше бар көмегімізді көрсетеміз. Бірақ Қазақстанға оралғанда ол әлі де қылмыстық қудаланатынын ескеру қажет", – деп толықтырды ҚР СІМ ресми өкілі.