Елордадағы «Sat City» тұрғын үй кешенінің тұрғындары тегіс жол жоқ екенін айтып, бірнеше рет шағымданды. Олардың айтуынша, күзде төселген асфальттың жағдайы көктем шыға қармен бірге еріп кеткендей әсер қалдырады.
«Балалар мектепке бару үшін лай кешуге мәжбүр. Құдды қалада емес, батпақ далада тұрып жатқандаймыз. Мұнда адам тұрмақ автокөлік батып қалады. Ал автотұрақ орны мүлдем қарастырылмаған», – дейді «Sat City» тұрғындарының бірі.
Мәселеге «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері араласты. Олар Есіл ауданы әкімдігінің, қалалық көлік басқармасының өкілдерімен және белсенді тұрғындармен бірге көшпелі кеңес өткізді.
Партиялықтар жолды биылғы 1 қыркүйекке дейін жөндеу жөнінде ұсыныс жасады. Ал қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракциясы «Sat City» ТК аумағындағы жол құрылысын қаржыландыруды қолдап отыр. Комиссияның келесі көшпелі кеңесі тамыз айында өтеді.
Айта кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында алдағы 5 жылда Астанада Тәуелсіздік даңғылы бойында Есіл өзені арқылы өтетін автожол көпірін салу, 300 мың автокөлік жүргізушісіне қолайлы жағдай жасау үшін 180-нен астам көшені жөндеу, Өндіріс тұрғын алабы аумағында теміржол өтпесін салу, тек бір бағыттағы қозғалыс учаскелерін кеңейту жоспарлануда. Ал қоғамдық көлікті дамыту үшін 400 заманауи әрі жоғары технологиялық автобус сатып алынады.