«АрселорМиттал Теміртау» АҚ заңгерін өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды

53 жастағы Шахтинск қаласы тұрғынының өліміне қатысы бар деген күдікпен қаланың 52 жастағы азаматы мен 44 жастағы азаматшасы ұсталды.

Қарағанды облысының полицейлері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ заңгерінің өліміне қатысты күдіктілерді ұстады.

 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 53 жастағы Шахтинск қаласы тұрғынының өліміне қатысы бар деген күдікпен қаланың 52 жастағы азаматы мен 44 жастағы азаматшасы ұсталды.

«Қылмыстық оқиға жәбірленушінің кәсіби қызметімен байланысты емес. Айғақ заттар тәркіленді. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Еске сала кетейік, 23 сәуір күні Шахтинск қаласында пәтердегі өртті сөндіру кезінде денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар 53 жастағы пәтер иесінің мәйіті табылған болатын.

Аталған дерекке байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабына (Адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс қозғалған.