Азамат Жылтыркөзов халықаралық сыйлықтың иегері атанды

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Азамат Жылтыркөзов классикалық өнер саласындағы «BraVo» халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығының иегері атанды.

Белгілі опера әншісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Классикалық өнер» бөлімінің көркемдік жетекшісі, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Азамат Жылтыркөзов классикалық өнер саласындағы «BraVo» халықаралық кәсіби музыкалық сыйлығының иегері атанды.

Жеңімпаздарды марапаттау дүниежүзіне танымал және алдыңғы қатарлы музыка мәдениетінің ең ірі ошағы Ресейдің Үлкен театры сахнасында өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Азамат Қайратұлы Мәскеу қаласында өткен «BraVo» халықаралық сыйлығының марапаттау рәсімінде классикалық өнер жанры номинациясы бойынша үздіктер қатарына қосылды. Қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған өнер иесі бұған дейін де бірнеше рет республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.

«Bravo» – Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің ақпараттық қолдауымен жыл сайын «Музыка әлемі» мәдениет орталығы өткізетін мәдениет және өнердің халықаралық көп жанрлы кәсіби музыкалық сыйлығы.

Азамат Қайратұлын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Алда бағындырар биіктері көп болсын!