Өткен аптада елордадағы EXPO орталығында бес күн бойы «Eurasian Book Fair-2023» VI еуразиялық халықаралық кітап көрмесі өтті. Көрмеге Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысты.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну, әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен таныстыра отырып, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайтып, байланыс орнату.
Көрме барысында үздік оқулық; үздік өлкетану басылымы; балаларға арналған кітап; мәдениет пен өнер; ғылым мен инновация секілді 6 номинация бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталған болатын. Марапаттың құрметтісі әрі бас жүлдені ARMAN-PV баспасы иеленді. Бұл олардың екінші бас жүлдесі. Естеріңізде болса, былтыр қараша айында Алматы қаласында өткен Х Халықаралық Ұлы жібек жолы атты көрмесінде де баспа гран-приді қанжығасына байлаған. Бас шығарма – «ABAI» әдеби-танымдық энциклопедиясы. 2022 жылы үш тілде шыққан басылым ұлы ақын Абайдың шығармашылығы мен өміріндегі нақты деректерді қамтыған.
– «Abai» әдеби-танымдық энциклопедиясы – еліміздегі ақын өмірі және шығармашылығымен таныстыратын 3D форматы арқылы ұсынылған бірегей кітап. «Баспамыз мектепке арналған «Абайтану» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін ұзақ жылдан бері шығарып келеміз, енді хакім туралы энциклопедия шығармасақ, бізге үлкен сын ғой» деген баспа директоры Алина Дидара Солтан-Махмұдқызының бастамасымен Абай туралы энциклопедия шығаруды қолға алдық. Ақылдаса келе, кітаптың еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін оқуына түсінікті әрі қызықты болуын қаладық. Сөйтіп, хакімнің бүкіл өмірбаянын толық қамтып, әр тақырып қосарбеттен (разворот) тұратын болды. Ал қосарбеттің ортасында үлкен суретті QR код арқылы жан бітіп, видеоға айналады. Видеоның мазмұнын диктор оқиды немесе ән шырқалады. Осы арқылы қалың оқырманға ұлы ақынның шығармаларын оқи түсуіне жол ашады деп сенеміз.
Көрмеге де, бәйгенің алты номинациясына да қатыстық. Нәтижесі, жаман емес. Сондықтан екі номинация бойынша жүлделі орын иеленсек, біреуінен ІІІ дәрежелі диплом алдық. Бұл – Назифа Закирова деген авторымыздың «Физикадан есептер шығарып үйренеміз» атты есептер жинағы. Оған қоса, басылым мемлекеттік білім беру стандартына және оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес жазылған деп тапты, – дейді ARMAN-PV баспасының бас редакторы Айгүл Бекболатова.
Сонымен бірге, осы баспада «Ғылым таппай мақтанба» атты Абайдың үш томдық шығармалар жинағы мен «Еліктірер ертегілер» деген екі кітаптан тұратын ертегілер және қазақ, шетел жазушыларының туындылары енгізілген жинақ шықты.
Айгүл Нұрмұқашқызының айтуынша, баспа 2021 жылдан жалпы білім беретін мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға арналған электронды оқулықтар шығарады. Қазір баспаның Ekitap.kz онлайн платформасын білім беру ұйымдарында пайдаланылып жатыр.
– «Мұғалім кітабымен» деген ұстаздарға арналған әдістемелік құралдармен жүйелі түрде толықтырылып, жаңаланып отыр. Сол секілді «Жұмыс дәптерлерінің» тапсырмалары да оқушылардағы шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін дамыта түседі. Оқулыққа қосымша ретінде бейнематериалдарды тыңдап, сақтап, жұмыс істеуіне қолайлы жасалған. Тіпті, виртуал дискілер де қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, соңғы жылдары оқушылардың жылдам ақпарат алып, тиімді орындауына көп оқу құралдары мен энциклопедияда QR-код қолданылады. Енді сол арқылы тақырыпқа қатысты аудио және видео ақпараттарды қосымша көруіне болады. Ал болашақта да жүзеге асатын көптеген жаңа жобалар бар. Баспасының негізгі мақсаты – өз тұтынушыларын сапалы оқу әдебиеттерімен қамтамасыз ету, мүмкіндігінше мазмұнды және қайталанбас оқулықтар мен кітаптар шығару, – дейді ол.
Бүгінде ARMAN-PV баспасынан шыққан оқулықтар ұлттық құндылықтарға, оқушылардың оқу-танымдық, мәдени, қарым-қатынас, ақпараттық, әлеуметтік және өзін-өзі дамыту құзыреттіліктерін дамытуға негізделген. Мысалы, «Зерде», «Тұлғатаным», «Алтын жылға», «Есептер әлемі», «Білім – қазына», «Ұстаз шеберханасы», «Сөз сыры», «Әдеби мұра», «Литературное наследие», «Ғаламтану», атты топтамалармен жарық көрген қосымша оқу құралдарынан оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алуына, таным көкжиегін кеңейтіп, білімін толықтыруға барлық мүмкіндік жасалған.