«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының заңгерін өлтірді деген күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
КТК арнасының мәліметінше, 53 жастағы Ирина Эмді күйеуін қызғанған көрші келіншек пышақтаған. 52 жастағы ер адам көрші әйелге қарызға ақша сұрап кіріп шықан екен. Онысы өз әйеліне ұнамай, отбасылық жанжал марқұмның үйінде жалғасқан. Ақырында 44 жастағы азаматша Иринаны пышақтап тастаған.
Қылмысты жасыру мақсатында ерлі-зайыптылар оның үйіне от қойып кетіпті. 23 сәуір күні өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерден 53 жастағы Ирина Эмнің денесін алып шыққан. Кейіннен оның пышақ жарақатынан көз жұмғаны белгілі болды.
Алпауыт компанияның заңгерінің өлімі оның кәсіби қызметімен байланысты деген болжам да айтылған.
Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров: «Қылмыстық оқиға жәбірленушінің кәсіби қызметімен байланысты емес. Айғақ заттар тәркіленді. 53 жастағы Шахтинск қаласы тұрғынының өліміне қатысы бар деген күдікпен 52 жастағы ер адам пен 44 жастағы әйелі ұсталды», – деді.
Бұған дейін заңгердің өлімі туралы жазған болатынбыз.