2020 жылдың 24 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елорда әкімі Алтай Көлгінов жол инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталып, жаңа жобамен таныстырды. Үкімет Қабанбай батыр даңғылын 8 жолаққа дейін кеңейтуді, Қорғалжын тас жолы, Қабанбай батыр мен Тұран даңғылы қиылысында көлік айрығын салуды қолдады. Құрылыстың алдын ала құны – 95 млрд теңге. Халық бұл жаңалықты жақсылыққа жорығанымен, бюджеттен бөлінген қаржының көптігіне алаңдаулы. Біз осы сұрақтың жауабын іздеп, мамандарға жүгіндік.
Көше кеңейту – кептеліспен күрес
Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл қаланың көлік инфрақұрылымының жүктемесін айтарлықтай төмендетеді. Жолдың «Астана Жұлдызы» стелласынан әуежайға дейінгі бөлігінің құрылысы биыл басталмақ. Ал Самал шағынауданына дейінгі бөлігі әлі жоспар деңгейінде. Президенттің тікелей тапсырмасын қала басшысы осылай орындап жатыр. Жалпы, әкімдік сол жағалаудағы кептеліспен күресіп келе жатқанына біраз болды. 2018 жылдың қаңтарынан бастап ақылы тұрақтар орнатып, көлік ағынын азайтуға тырысып келеді. Жыл сайын қоғамдық көліктің де санын арттыруда. Алайда Урбанистика орталығының басшысы Асхат Сәдуовтің ойынша, кептелістің себебін басқадан іздеу керек.«Бізде жолдың кеңдігі емес, жол санының аздығы – басты мәселе. Елорданың маңайындағы қалаларға қарасақ, бұл көрсеткіш екі-үш есе көп. Бізде жол аз. Сондықтан көшелерде кептеліс туындайды. Кварталдардың арасы ұзақ. Нұрсаяны алып қарасақ, бұл кварталдың ұзындығы бес жүз метр шамасында. Ал Испанияның Барселонасында 130 метр болады», – деді ол.Маманның айтуынша, оң жағалаудағы жағдай кішкене дұрыстау. Ол жақта қатар жатқан көшелер көп. Сондықтан, жүргізушілер басқа жолға ауысып, қозғалысын жалғастыра береді. Ал сол жағалауда басқа баратын жол болмаған соң бәрі бір көшеге тығылуға мәжбүр. Одан бөлек, кептеліс көп болатын жерлерге жолайрықтар салу да мәселені жеңілдетеді. Бірнеше деңгейлі құрылыстың құны да қымбат. Мамандардың айтуынша, темір бетоннан 1 шаршы метр жол салуға 1 000 доллар немесе 400 мың теңге шамасында кетеді. Сондай-ақ әлемдік практикада аялдама неғұрлым аз болса, соғұрлым орташа жылдамдық артып, қозғалыс жақсаратынын көрсеткен. Бұл тұста елорданы бағдаршамдар қаласы деуге болады. Жаяу жүргіншілер өткелінің арасын алшақтатып жіберуге болмайды, әрине. Бірақ жолүсті өткелдерін салуды қолға алған Алматының тәжірибесін үлгі етуге әбден лайық. Мысалы, әл-Фараби көшесі мен Шығыс айналма жолында сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Бұл әрі уақыт үнемдейді. Мамандар жерүсті өткелін салуға 300-400 миллион теңге кетуі мүмкін екенін айтады. Бірақ ол ақша өз-өзін ақтауы тиіс. Себебі қалада іскерлік белсенділік артып, транзит жақсарады. Ал бұл өз кезегінде бизнестің дамуына септігін тигізіп, бюджетті толықтырмақ.
Көше салу – күре жолдан қымбат
Бюджет демекші, бұл құрылысқа бөлінген қаржыға оралайық. Құрылысшылардың айтуынша, қалааралық, халықаралық жолдар мен қала ішіндегі көшелерді салудың арасы жер мен көктей. Қаладағы кей құрылыс бюджетінің 60-70 пайызы инженерлік желілерді салуға кетуі мүмкін. 30 пайызы ғана жол салуға жұмсалады. Яғни, қаладағы құрылыс қымбатырақ. Нарықтағы бағаға қарасақ, 1 куб метр топырақты карьерден әкелу, оны жайып, үстінен тығыздауға үнемдеген күннің өзінде 600-800 теңге кетеді. Ал жол салуға бірнеше миллион куб керек. BI Infra Constraction ЖШС бас директордың Өндірістік-техникалық жұмыстар бойынша орынбасары Дархан Рахимовтың айтуынша, құрылыс құнының артуына экономиканың тұрақсыздығы да себеп. Техника түгелдей шетелдікі болғандықтан долларға тәуелділік бар. Лизинг де АҚШ валютасымен есептеледі. Доллар бағамы көтерілсе, мердігерлер қып-қызыл шығынға батуы әбден мүмкін. Одан бөлек, құрылысқа қажетті заттардың бағасы бақыланбайды екен. Мәселен, қыста 80 мың тұратын бетон жазда 150 мыңға дейін көтеріледі. Ал бір жылда дизель 30 пайызға қымбаттаған.Бюджет дұрыс жоспарланбайды
Осы жағдайдың бәрін ескеріп, құрылысты ертерек бітірмек болған компанияларға бөлінген қаржының ырым-жырым болуы қолбайлау болады екен. BI Infra Constraction ЖШС бас директордың Өндірістік-техникалық жұмыстар бойынша орынбасары Дархан Рахимов өз басынан өткен жағдаймен бөлісті:«Мысалы, біз былтыр Целиноград ауданында жол құрылысы бойынша 5 млрд тұратын тендер ұтып алдық. Халық қатты қуанды. 60 шақырым жолға әлі 100 млн да бөлінген жоқ. Былтыр соның кесірінен мүлдем жұмыс істемедік. Ал баға сол күйі қалды. Биыл қанша бөлетінін, материалдың бағасы қандай болатынын білмейміз», – деп күйінеді құрылысшы.Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарының созылуына дәл осы фактор әсер етеді. Сметалық құжаттар бірнеше жыл бұрын жасалғандықтан тауар мен қызмет құны қымбаттап, одан сайын тығырыққа тіремек. Нәтижесінде, мердігер қаражат тапшылығымен қатар инфляциямен де күресуге мәжбүр болады. «Бұл – бюджетті дұрыс жоспарламаудың нәтижесі» дейді маман. Ал елордадағы құрылысқа бөлінген қаржы дер кезінде тиісті орнына жетеді деп үміттенеміз. Халықтың ақшасына салынған жол LRT-ның күйін кешпеуін тілейік. Өйткені елордада құрылысы бітпей тұрған басқа да нысандар жетерлік.