«Жайлы мектеп»: Биыл Қызылордада 10 мектептің құрылысы басталады

Ұлттық жобаны жүзеге асыруда «Атамекеннің» өкілдері тәуелсіз бақылаушы қызметін атқарады

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қызылорда облысында жалпы құны 48,6 млрд теңгені құрайтын 10 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов құрылыс кеңесінің отырысында мәлімдеді.

 Жалпы Үкімет бекіткен ұлттық жоба аясында алдағы 3 жылда республика көлемінде 401 мектеп салу жоспарланған. Жобаның негізгі мақсаты – орта білім беру ұйымдарында апаттық мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою. Бүгінде бағдарлама аясында салынуы тиіс 21 мектеп Қызылорда облысының үлесінде тұр.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыруда «Атамекеннің» өкілдері тәуелсіз бақылаушы қызметін атқарады. Атап айтқанда, біз сатып алу шараларында конкурстық құжаттардың дұрыс қаралуына пікір білдіре аламыз. Сол үшін жобаға қатысып жатқан қызылордалық кәсіпкерлер сатып алуға қатысты комиссия шешімдеріне келіспеген жағдайда бізге хабарласса болады», – деді Пірмұхаммед Сыздықов.

  Соның нәтижесінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында биыл Сыр өңірінде құрылысы басталатын 10 мектеп бойынша сатып алу конкурсына 17 компания өтінім берген. Оның 11-і қызылордалық құрылыс компаниясы болып табылады Конкурс қорытындысы мамырда шығады деп күтілуде.

    Айта кету керек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын орта білім беру ұйымдары объектілерінің құрылыс жұмыстарына, сатып алу конкурстарын ұйымдастыруға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы жауапты болып бекітілген.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы