Үш университет бірігіп, «Әз-Наурыз» мерекесін ұйымдастырды

«Күшіміз – бірлікте!» – осындай ұранмен Алматы қаласында еліміздің үш ірі университеті – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірігіп, «Әз-Наурыз» мерекесін өткізді. Мерекелік шараға арнайы шақырылған қонақтар, үш университеттің ұстаздары мен студенттері қатысты.

Наурыз мерекесіне шақырылған меймандар  арнайы  құрылған киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты.  Аға буын өкілдері жастарға баталарын берді. Мерекелік іс-шара аталған оқу орындары студенттерінің  дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар, арнайы дайындалған театрландырылған қойылым көрсетіліп, зергерлік бұйымдар мен қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды.

Бұл күні қазақтың ұлттық ойындары ойналып, дастарханға ұлттық тағамдар қойылды және дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық құндылықтарымыз салтанат құрды. 

 «Іргелі оқу орындары  алдағы уақытта да бірлескен ғылыми зерттеулер, конференциялар, симпозиумдар өткізуді жоспарлауда. Бүгінгі шара жоғары оқу орындары бірлесе жұмыс істей отырып, шын мәнінде мағыналы іс жасауға болатынын елге көрсеткен тамаша үлгі болды», - дейді. Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университеттің Басқарма төрағасы-ректоры Мейрам Бегентаев.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы