Бүгін елордадағы «Арғымақ» ат-сауықтыру спорт кешенінде Қазақстан халықтарының Бірлігі күніне арналған ат спортының конкур түрінен "Халықтар бірлігі" кубогына арналған гран при жарысы басталды. Бұл жайында елорда әкімдігі хабарлады.
Мерекелік іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, қалалық спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бақтияр Масанов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Халық даналығында "Бірлік түбі – береке" деген нақыл сөз бар. Біздің жеткен жетістіктеріміздің түп қазығы татулық пен бірлігімізде. Берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз толымды істеріміздің ұйытқысы бола берсін! Бейбітшілігіміз бекем, ынтымақ пен бірлік мәңгі болсын!
Жыл басынан бері «Арғымақ» ат сауықтыру спорт кешенінде осы ат спорты түрлерінен бірнеше жарыстар өткізіп келеміз», – деді қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.
Бұл сында еліміздің Алматы, Астана, Қарағанды қаларымен қатар Алматы облысынан шалт қимылдайтын 50-ге тарта шабандоз қатысып жатыр.
Көсіле шабатын сәйгүліктер бүгін биіктігі мен күрделілігі бойынша сайыстың 3 бағдарынан сынға түсуде. Ал ертең яғни, 2 мамыр күні сағат 11:00-де жарыстың үшінші санаты - "6 жастағы жас жылқылар жарысы, 120 см-ге дейін" , бесінші санаты - "12 -15 жастағы балалар санаты, 110см" және "Халықтар бірлігі кубогы, 130см" гран придің алтыншы санаты бойынша кіл мықтыларды анықтайды.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің Федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жарыстың жалпы жүлде қоры 12 000 000 теңгені құрайды.