Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша «Креативті PR маманы» тақырыбында пәндік олимпиада өтті. Шараның мақсаты – қоғаммен байланыс мамандықтарының сапасын арттыру және талантты, білімді, үздік студенттерді анықтау. Сонымен қатар студенттердің өзіндік креативті ойлау қабілетін арттыру, ақпарат ғасырына бейімделген болашақ журналистер мен PR мамандарының жаңа медианы меңгеру деңгейін анықтау болды.
Шараның ашылу салтанатында журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары Қарлығаш Мысаева қатысушыларға білім сайысында сәттілік тіледі.
Олимпиадаға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Алматы менеджмент университеті, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен студенттер қатысты.
Бірінші кезеңде қатысушылар «PR теориясы мен практикасы», «Қоғаммен байланысқа кіріспе» пәндері бойынша тест тапсырды.
Екінші кезеңде әр топ өздерін және оқу ордаларын таныстырған соң, «Жеке бренд» PR жобаларының нәтижелерін ұсынды. Бұл кезеңде жобаның негізгі объектісіне, таңдап алған PR технологияның тиімділігіне, SWOT- талдау нәтижелеріне мән берілді. Сонымен қатар «Дағдарысқа қарсы PR» бойынша кейстер шешті. Студенттер тек теориямен шектелмей, тәжірибелік тапсырмаларды орындап, сахнада презентацияларын қорғап, көрермен көңілінен шықты.
Байқауда әділқазылар алқасына белгілі PR маман Айбар Олжай төрағалық етті. Соынмиен қатар қазылар құрамында AlmaU университеті аға оқытушысы, қоғаммен байланыс маманы – Салтанат Бердіқұлова, RAMS маркетинг компаниясының директоры – Әділбек Махмет, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушылары, Абай Сәдуақасов және Баян Мұсаева болды.
Барлық кезеңнің нәтижелерін саралай келе, жүлделі 1-орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері иеленді. 2-орынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматы менеджмент университеті өзара бөлісті. Ал 3-орын академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті шәкірттеріне бұйырды.
Байқаудың жабылу салтанатында ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова сөз сөйлеп, барша қатысушыларға және жетекшілерге алғысын білдірді.
«Байқауда бақ сынаған студенттердің барлығы талантты, дарынды студенттер екенін байқадық. Өмірде жолдары ашық болсын! Қатысушылардың достығы ажырамасын!» – деді Н. Шыңғысова.
Байқауға қатысушыларға арнайы кампус тур ұйымдастырылды. Олар, «ҚазҰУтарихы» мұражайын, «Әл-Фараби» мұражайын және кітапханасын, «Керемет» қызмет көрсету орталығын аралап, шағын қалашықтың тыныс-тіршілігін сезінді. Бұл шара жастардың идеяларын жүзеге асырып, бір-бірімен мықты коммуникация орнатуға мүмкіндік болды. Ары қарай үлкен өмірде тәжірибе болары анық.
Әйгерім ӘЛІМЖАНОВА, ЮНЕСКО-ның Журналистика және коммуникация кафедра меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары, PhD