ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы лауазымына Нұрділдә Серікұлы Ораз тағайындалды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Нұрділдә Серікұлы 1981 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Журналистика» және ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын «Құқық қорғау қызметі» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы «31 арна» ЖШС «Информбюро» жаңалықтар қызметінің корреспондент-жүргізушісі болып бастаған.
2004-2009 жылдары «Астана» телеарнасының репортёр-сарапшысы, «Қазақстан» ұлттық арнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының редактор жүргізушісі қызметтерін атқарған. 2009 жылы ішкі істер органдарына ауысып, Астана қаласының ішкі істер департаменті тіл саясаты және ақпарат бөлімінің басшысы, ҚР Ішкі істер министрлігі мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры-министрдің баспасөз хатшысы, кейіннен ресми өкілі болды.
2016 жылы ҚР Бас прокуратурасы аппарат басшысының орынбасары, 2017 жылы «ОРТ-Еуразия» телеарнасы бас директорының орынбасары қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі болды.
Қазіргі тағайындауға дейін «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қауіпсіздік департаментінде қызмет атқарды.