Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің бұрынғы мүшесі, Петропавл қаласы мәслихатының экс-депутаты Павел Афанасьев облыс орталығының атауын Қызылжарға өзгертуді талап еткен халықты «мәңгүрт» деп атағаны үшін сынның астында қалды.
"Мен Петропавл қаласының Қызылжар деген тарихи атауына өзгертілуіне қарсымын. Облыс пен қала атауын өзгертуді талап етіп жатқандар – еліміздегі бейбітшілік пен саяси тұрақтылыққа қарсы шығып жатқандар. Қала атын өзгерткісі келетіндер – еліміздің көпұлтты мемлекет болғанын көре алмайтындар. Ал "мәңгүрттер", Петропавловск қаласының атын өзгерткілерің келсе, алға!" – деп жазған ол.
Афанасьевтің бұл жазбасы 2022 жылы жарияланған. Сол кезде ол мәслихатта депутат болыпты. Оның қазақты «мәңгүрт» дегені бірінші рет емес екен. 2017 жылы да солай деген көрінеді.
Бұған дейін «AMANAT» партиясының депутаты Анна Башинская Украина президенті Владимир Зеленскийге және оның Түркиядағы демалысына қатысты пікіріне байланысты отставкаға кеткен болатын. Депутат қателігі үшін жерлестері мен партияластарынан кешірім сұрады.