Одан бөлек, 13 мың ардагерге әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Құрманғалиев айтты.
Ол Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне барынша әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы баяндады.
«Бүгінде Алматыда 56 ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Оларды материалдық қамтамасыз ету үшін 1,5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем жасалады», – деді Серік Шолпанқұлұлы.
Сонымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен қатар басқа мемлекеттер аумағындағы соғысқа қатысушыларға жеңілдіктер бойынша теңестірілген ардагерлерге 50 000 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Мегаполисте олардың жалпы саны – 13 мың адам.
Ардагерлер кеңесінің өкілі атаулы мереке күндері қаладағы әрбір майдангердің отбасына барып, қала басшылығы жеке құттықтайтынын жеткізді.
Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы