Халел Досмұхамедовтің еңбектері түрік тіліне аударылып жатыр

Бұл туралы Атырауда өткен Халел Досмұхамедовтің 140 жылдығына арналған конференцияда ғалым Ғарифолла Әнес айтты.

Атырау университетінде көрнекті ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері, ағартушы, педагог, дәрігер, профессор Халел Досмұхамедовтің туғанына 140 жыл толуына орай «Халел Досмұхамедов мұрасы және қазіргі қазақ қоғамы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

 Конференцияға «Арыс» қорының президенті, профессор Ғарифолла Әнес, медицина ғылымдарының докторы Жауғашты Ахметов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жумагул Байдилдеев және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жаңабай және басқа да ерен тұлғаның шығармашылығын зерттеп, насихаттап жүрген ғалымдар мен қаламгерлер қатысты.

 Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің және Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау хатын оқып, Жумагул Байдилдеевтің бауырлас екі елдің «Алашорда» және «Талап» қозғалыстарының көрнекті өкілдері жөнінде жазған тарихи құнды «Түрк дүйнөсүндөгү Кыргыз-Казак «Талап» коому» кітабының тұсауы кесілді.

Сондай-ақ Халел Досмұхамедов атында факультет ашылған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетіне Халел Досмұхамедовтің портреті сыйға тартылды.

 Айтулы шара кезінде ғалымның ел үшін атқарған елеулі еңбектерімен қатар, түрлі ұсыныс-пікірлер де ортаға салынды.
Атап айтсақ, Атырау өңірінен Халел Досмұхамедұлына арналған мұражайлы үй, ағартушы-педагогтің балалар мен жасөспірімдерге арналған қызықты ойлары мен сөздерін жинақтау және оның ескерткіштері бой көтеруі сияқты  пікірлер көптің көңілінен оң жол тапты.
 Халел Досмұхамедовтің мұрасын ұзақ жылдар бүге-шігесіне дейін зерттеген ғалым Ғарифолла Әнес оның есімі ҰҚК-ның мыңдаған құпия құжаттарында жиі кездесетін айтты.

 Өкініштісі, сол жылдары Алаштың арыстай азаматтарын топтап-топтап санаулы істерге ғана топтастырып, жазалап отырған, мәселен, 1 000 адамды бір қылмыстық іске, 500 адамды бір қылмыстық іске жиыстырып, атып отырған.

Ғарифолла Әнесұлы Халел Досмұхамедовке қатысты бірқатар ақжолтай жаңалықты жеткізді.

 Атап айтқанда, ғалымның еңбектері түрік тіліне аударылуда, Атырау университетінен ол кісіге арналған энциклопедия әзірленуде, сондай-ақ Алматыдағы Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияров көрші тұрған Төле би көшесі 29 үйден оған арнап музей ашылмақ. Қатысушылар оң жаңалықтарға қошемет білдіріп, қуанып қалды. Дегенмен қайраткер туып-өскен Миялы селосындағы Халелдің ескерткішінің макетін көріп, оған көңілі толғанын білдірген Ғарифолла Әнес Астана, Алматы және Атырауда Халел Досмұхамедовтің зәулім ескерткіштері бой көтеруі тиіс деген ойын жеткізді. Бұл жөнінде жергілікті басшылыққа ұсыныс білдірген ғалым оның «Атырау университетінің алдында бар екендігі» жөнінде жауап алған. Әйтсе де, Халелдей заңғар тұлға бүкіл Атырау жұртшылығына ортақ болса керек-ті. Сондай-ақ Ғарифолла Әнес былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілгенін айта отырып, Халел Досмұхамедовтің он жылдан кейін атап өтілуі тиіс 150 жылдығын да халықаралық деңгейде өткізуге осы бастап қамдану керектігі жөніндегі ұсынысын жеткізді.

«Халел Досмұхамедұлының медициналық терминологияны қалыптастырудағы ерекше орны жөнінде баяндама оқыған С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Патологиялық анатомия» кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Жауғашты Ахметов медицина саласында бір кездері Халел қалыптастырып кеткен, қолданған көптеген терминді енгізу керек деген пікірде. Олардың айтып жазуға ыңғайлылығын, қысқалығын айтпағанда, өзінің қазақтың табиғи төл тілінде айтылатындығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, бүгінде тәнтану оқулықтарында «гладкие мышцы» дегенді «бірыңғай салалы бұлшық еттер» деп алып жүр, Халелде ол – «тегіс ет». Сол сияқты, «поперечные полосатые мышцы» – қазіргі оқулықтарда көлденең жолақ бұлшық еттер, Халел оны бір сөзбен «жолақ ет» деп қолданған. Енді «полушарие большого мозга» дегенді қараңыз, бүгінгі аудармада ол – «үлкен мишық жартышарлары», Халел Досмұхамедовтің қолдауында – «ми сыңары».  «Большое и малое кровообращение» дегенді бүгінде «үлкен қанайналым шеңбері», «кіші қанайналым шеңбері» дейді, шындығында ол жерде ешқандай шеңбер жоқ қой, ал Халел оны «қанның ұзын жолы» және «қанның қысқа жолы» деп дәл әрі шебер қолданған», – дейді Жауғашты Байназарұлы. Мұндай бұлтартпайтын нақты мысалдар Халел Досмұхамедовтің терминологиядағы орнын тағы бір биіктетіп, тұғырын айшықтай түсті. Конференция түстен кейін  секциялық отырыстармен жалғасты.


Баян Жанұзақова