– Бақытжамал Қайырбекқызы, сұхбатымызды өзіңіз басқарып отырған қара шаңырақ – Ұлттық кітапхананың соңғы кезде атқарып жатқан істерінен бастасақ. Еліміздің бас кітапханасында қандай жақсы жаңалықтар болып жатыр?
– Иә, өзіңіз білесіз, елімізде жылда 23 сәуірде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні аталып өтеді. Осы кәсіби мереке күніне орай Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы жыл сайын дәстүрлі түрде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін кең көлемде атап өтеді. Соның аясында дәстүрлі түрде «КІТАП шоу» фестивалін өткізеді. Биылғы жылғы кітап фестивалін 21 сәуірде Түркі мемлекеттері ұйымы жариялаған «Түркі өркениетінің даму жылы» аясында өткіздік.
Фестивальдің басты мақсаты – «Оқитын ұлт» ұлттық жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап пен оқуға деген қызығушылығын қолдау, балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын арттыру және кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ түркі халықтарының тарихи және әдеби мұрасын насихаттау болып табылады.
Мерекелік кітап фестиваліне еліміздің белгілі ақын-жазушылары, Қазақстан Жазушылар одағы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, «Қыр баласы» қоғамдық қоры, Arman-PV баспасы, Француз Альянсы, Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, орыс, корей, өзбек, поляк, әзербайжан, қырғыз мәдени орталықтарының басшылары, өнерпаздары қатысты.
Мереке аясында белгілі ақын-жазушылардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған «Қазақ балалар әдебиетінің өткені мен бүгіні» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған үш жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Осы іс-шараға орай «Балалар бақытының жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Осы кәсіби мерекеміздің аясында Қырғыз Республикасының Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Ш.Айтматовтың 95 жылдығына арналған «Шыңғыс Айтматовты оқимыз» атты халықаралық дөңгелек үстел өткіздік. Бұл шараға Ш.Айтматовтың туған әпкесі Роза Айтматова мен қырғыз елінің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Төреқұл Айтматовтың немересі Асан Ахматов арнайы қатысты. Шара барысында Р.Айтматованың «Ата-бейит» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Роза Айтматова оқырмандармен жазушы туралы естеліктерін бөлісті.
Сондай-ақ жақында өткен танымал француз фотографы Жан-Марк Годестің «Жанды кітаптар» фотокөрмесі оқырмандардың үлкен қызығушылығын тудырып, ерекше әсер қалдырды. Оның бұл көрмесі бізге дейін әлемнің көптеген елдерінде өткен. Жан-Марк Годес – өз шығармашылығы арқылы кітап мен жазуды ілгерілетуге, сауатсыздықпен күресуге үлес қосып жүрген фотограф-суретші. Ол сонымен қатар оқырмандар үшін арнайы шеберлік сағатын өткізіп, өзінің көркемдік жұмыс әдістерімен бөлісті. Сонымен қатар онлайн форматта белгілі поляк жазушылары Петр Войцеховский жəне Яцек Денельмен қызықты кездесу ұйымдастырдық. Кездесу аясында «ҚР Ұлттық кітапханасы қорындағы поляк әдебиетінің топтамасы» виртуалды кітап көрмесі ұсынылды. Бұл тек соңғы уақытта атқарған шаруаларымыздың бір парасы ғана.
– Бүгінде кітапханада қанша кітап қоры бар?
– Ұлттық кітапхана қорында 7 млн бірліктен астам әлемнің 123 тіліндегі бай кітап қоры мен 50 мыңға жуық оқырманымыз бар. Біздің мекеме еліміздің ең ірі кітапханасы ретінде сан мыңдаған оқырманын білім мен ақпаратпен қамтамасыз етіп, өзге кітапханалар үшін жетекші ғылыми-әдістемелік орталыққа айналып отыр. Ұлттық кітапханада жинақталған білімнің барлық саласын қамтитын заманауи құжаттар мен қазақстандық басылымдардың, қолжазбалық құжаттар мен алғашқы баспа басылымдарының, ноталы-музыкалық басылымдар мен күйтабақтардың бірегей қоры, шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы болып саналады. Сонымен қатар ғылымның барлық салалары бойынша қорғалған қазақстандық ғалымдар мен ТМД елдері ғалымдарының кандидаттық және докторлық диссертацияларының ғылыми қоры мен авторефераттары сақталған.
Оқырмандар саны күннен күнге артып, олардың ақпаратқа еркін және шектеусіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қоры оқырманның талғамына сай, отандық және шетелдік өзекті тарихи, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттермен, сондай-ақ мәдени, ғылыми және көркем құндылығы жоғары басылымдармен, басқа да ақпараттық ресурстармен толықтырылып отырады.
Көне қолжазбалар, алғашқы қазақ кітаптарының топтамасы, шығыс баспа кітаптары, орыс, батысеуропалық көне баспа кітаптар сақталған сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры – біздің мақтанышымыз. Соның ішінде зерттеушілер үшін ғылыми қызығушылық тудыратын ХІІ–ХІХ ғасырлардағы тарих, география, медицина, математика, философия, лингвистика туралы шығыс қолжазбаларының бай қоры аса құнды.
Кітапхана «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдардың депозитарийі болып табылады. «Бабалар сөзі», «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Әлемдік саясаттану антологиясы», «Әлемдік әлеуметтану антологиясы», т.б. сериялармен жарық көрген басылымдар бірегейлігімен және қайталанбас туындыларымен ерекшеленетін халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас байлығына, рухани құндылықтарына айналды.
– Кітапханадағы сирек жазбалар қорында сақталған дүниелердің жағдайына тоқталып кетіңізші?
– Ұлттық жазба мұраны сақтау бүгінгі таңда әлемдік қауымдастықтың алдында тұрған басты мәселелердің бірі ретінде танылып отыр. Қордағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры мәңгілік сақтауға және түпнұсқа түрін ерекше қорғауға алынып, сақтауға жатады. Сирек қор температуралық режим мен ылғалдылықты, жарықты қамтамасыз ететін сақтау қоймасында орналасқан. Олардың ұзақмерзімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында алдын-ала сақтандыру және қалпына келтіру шараларын жүргізу арқылы жүзеге асырылып отырады. Қордағы құжаттар арнайы бір температуралық қалыпта сақталып, қорға температуралық-ылғалдылық режимін бақылау, құжаттарды көзбен шолу жұмыстары арқылы микроклиматтық экологиялық тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады.
– Осы қорда көпшілік біле бермейтін қандай қызық жазба ескерткіштері бар? Бірнешеуін атап кетсеңіз?
– Қорда сақтаулы ең көне қолжазба кітап – XII ғасырда куфа жазуымен жазылған Құран кітабы. Беттерінде герб секілді таңбалы өрнектер бар. Мұқабасы бұзау терісімен қапталған. Ал XVIII ғасырда араб және парсы тілдерінде «насих» жазуымен жазылған Құран – қолжазба кітаптардың ең көрнектісі. Сонымен қатар түркі жазба ескерткіші – Фирдоусидің шағатай тіліндегі «Шахнаме» (XVIII ғ.) туындысы, 2003 жылы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізіліміне енгізілген түркі халықтары байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, пәлсапашы, сопылық поэзияның негізін қалаушы, ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтері» (XIX ғ.), «Рисала: Миратул-қулуб» (XVIII ғ.), «Насабнама»: Қожа Ахмет Ясауидің ата-тегі туралы шежіре (XVII ғ.) және Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтер» (XVI ғ.) қолжазба кітаптары рухани құндылықтар болып табылады.
Шығыс жұлдыздары Низами Гәнжәуидің «Хамса» (XV ғ.), Әлішер Науаидың «Диуани» (XVII ғ.), Сағди, Хафиз, Жәми, Физули тәрізді ақындар мен ойшылдардың туындылары ерекше орын алады. Сондай-ақ сирек баспа кітаптарынан қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері, қазақ ағартушыларының көзі тірісіндегі басылымдары, алғашқы қазақ мерзімді басылымдары – «Түркістан облыстық ведомстволары», «Қазақ» «Еңбекші қазақ» және т.б. газеттер, «Айқап», «Абай», «Шолпан» журналдары сақталған. XVIII-XIX ғ. славян және корей кітаптарының топтамалары библиографиялық құндылықтар болып табылады. Соның ішінде корей халқының «Мунхон биго» энциклопедиясы ерекше орынға ие. Оның бірінші басылымы (Сеул, 1770) 140 томнан тұратын. Біздің қордағы данасы осы басылымның 50 том болып қайта шығарылған нұсқасы. Библиографтардың айтуынша, дүниежүзінде бұл нұсқаның 2-3 данасы ғана сақталған.
– Соңғы уақытта осы бөлім тағы қандай інжу-маржандармен толықты?
– Ұлттық кітапхананың сирек қоры жақында Мырза Ұлықбектің «Жұлдызды аспан каталогі» қолжазбасының көшірмесімен (түпнұсқасы Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Топкапы сарайы музейінің кітапханасында сақтаулы), Қытайдың Цянь Лун патшасының Юйдай көпіріне арнап жазған өлеңі мен сызбасының көшірмесімен (түпнұсқасы Пекиндегі Гугун сарайында сақтаулы), «Түркістан (1866-1872)» альбомының көшірмесімен толықты. «Түркістан» альбомы тұтастай қазақ халқының үлкен бір өлкесіндегі археология-архитектуралық, этнографиялық, тарихи, мәдени мұраларды қамтыған 1 300 суреттен тұрады. Бұл альбомды бізге белгілі журналист, этнограф, зерттеуші, жазушы, Ұлттық кітапхананың құрметті оқырманы Тынышбек Дайрабай ағамыз сыйға тапсырды.
– Оларды бүлдірмей сақтап, болашаққа аманаттау ісі қалай атқарылып жатыр?
– Шетелдерден, ТМД елдерінен және Ұлттық кітапханамыз жинақтаған тәжірибелерді ескере келе, уақытшадан ұзақ мерзімге сақтау жүйесінің барлық деңгейін қамтамасыз ете отырып, құжаттардың толық қорғалуы мен сақталуының барлық мүмкін жолдары қаралуда. Уақыт куәлері ретінде, келесі ұрпаққа аман-есен жеткізу мақсатында деректі жазба мұраларын сақтау, құжаттардың қолданыста болған кездегі жыртылудан, үгітіліп кетуден, жоғалудан сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қолжазбаларды жаңа технологиялық әдістермен сандық қалыпқа түсіру жұмысы жүргізілуде. Оқырманға көбінде микрофильм, микрофиша, ксерокөшірме, CD-DVD-ге жазылған электрондық көшірмесі беріледі де, ал түпнұсқа құжаттар арнайы жағдайда, қалыпты температурада сақталады. Ескіріп, тозып бара жатқан басылымдар мен қолжазбалар дер кезінде анықталып, Ұлттық кітапхананың құжаттарды ғылыми консервация зертханасында зарарсыздандыру, биологиялық тазалау, физикалық, химиялық тұрақтандыру жұмыстары жүргізіледі.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын осы кітапханадағы барлық жазбалар мен кітаптарды цифрлық жүйеге көшіріп қоюды қолға алған едіңіздер. Ол жұмыстар не болып жатыр?
– Иә, біздің басты мақсатымыз – бай кітап қорымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу және оқырмандардың құжаттарға барынша еркін қолжетімдігін қамтамасыз ету. Жалпы, ұлттық қорды цифрлау 2013 жылы басталған. Мұрағаттық қордағы құжаттар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, жалпыұлттық кітап қорынан 1931 жылдан 1947 жылға дейін қоғам игілігіне өткен және авторлық келісімшарт талап етпейтін құжаттар, сондай-ақ 1947 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі құжаттар цифрланады.
Цифрлық технологиялар қызметінде орналасқан Бейнелеу студиясында үлкен форматты, жоғары мүмкіндікке ие сканер бар, оның ерекшелігі құжатпен қолмен ұстауды қажет етпей-ақ сканерлеп алады. Нәтижесінде, жазба үгітіліп, зақым келтірілмейді. Яғни, құжаттың нақты шынайы бейнесін сол қалпында сақтай отырып түсіреді. Ол сканерде сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры цифрланады.
Бүгінге дейін авторлық келісімшарт арқылы жүздеген ақын-жазушылардың, басқа да авторлардың шығармалары цифрланып, электрондық кітапханаға тіркеледі. Сонымен қатар Ұлттық кітапхана Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) қорын толықтыруға қатысады. Дәстүрлі кітаппен бірге электронды кітапхананы дамыту заман талабы екенін бәріміз көріп отырмыз.
– Қазір қоғамда «ешкім кітап, газет оқымайды» деген пікір бар. Осыған қатысты кәсіби кітапханашы ретінде не айтар едіңіз? Кітап оқитын оқырман саны шынымен азайып бара ма әлде бұл 90-жылдардан қалып кеткен қасаң пікір ме?
– Қоғамда кітап, газет-журнал оқымайды деген жаңсақ пікір қалыптасқаны рас. Өз басым күнделікті оқырманмен жұмыс істейтін кәсіби кітапханашы маман ретінде бұл пікірмен келіспеймін. Себебі кітапханаға асығатын, кітап оқуға құмар жастар, оқырмандар саны күннен-күнге артуда.
Ұлттық кітапханаға күніне 3 000 мыңнан астам оқырман келеді. Оқырмандардың көпшілігі – жастар. Тағы бір қуантарлық жайт, жас оқырмандар арасында ұлттық әдебиетімізге деген сұраныс артуда. Олар үшін ақын-жазушылармен шығармашылық кездесулер, поэзия және әдеби кештер өткізіліп тұрады. Әлеуметтік желілерде өз ұсыныстары мен пікірін білдіріп, шалғай өңірлерден кітапхана қорында сақталған қажетті ақпараттарға тапсырып беруші оқырмандар да баршылық. Осы орайда қашықтағы оқырмандардың ұсыныстарын қанағаттандыру мақсатында құжаттарды электронды жеткізу қызметін жолға қойғанбыз.
– Жалпы, бір кездегі оқырман мен кітап арасында болған керемет байланысты қайта орнату үшін нақты қандай шаралар атқарылуы керек деп санайсыз?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Ұлттық қоғамдық кеңестің төртінші отырысында сөйлеген сөзінде кітапханалар мен кітаптың қоғам дамуында, қоршаған дүниені танудағы рөлі туралы атап өтті. Кітап оқу мәселесіне тоқтала келе, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығын арттыру жөнінде тапсырмалар берген еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы, ал 2022 жыл – Балалар жылы болып жарияланды. Сол бастама аясында республика бойынша кітап оқуды қолдауға, кітап оқуды белсендіруге бағытталған түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді. Бұл шаралардың барлығы кітап пен оқырман арасындағы байланысты күшейтуге, балалар мен жастарды кітап оқуға тарту, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғаса беруі керек деп санаймын.
Біздің кітапханамызда атқарылып жатқан әрбір мәдени іс-шара оқырмандар мен кітап және кітапхана арасындағы тығыз қарым-қатынас орнату және ақын-жазушыларымыздың шығармашылығын оқырман қауым арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылады. Осындай танымал ақын-жазушылармен, қаламгерлермен түрлі форматтағы кездесулер, сұхбаттар оқырмандардың кітап оқуға деген ынтасын еселейтіні анық.
– Ұлттық кітапхана деген мәртебелеріңіз бар. Өзге кітапханаларға қарағанда мүмкіндіктеріңіз біршама көбірек деген сияқты. Дегенмен бүгінде шешілмей жатқан түйінді мәселелеріңіз бар ма?
– Ұлттық кітапхана республика кітапханаларының ғылыми-әдістемелік орталығы ретінде жүйелі көпжақты қызметті жүзеге асырады. Кітапхана ісінің барлық бағыттары бойынша әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетеді. Ұлттық кітапханалық жүйенің құқықтық негіздерін қалыптастыруға, кітапхана ісін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді, нұсқаулықтарды, стандарттарды әзірлеуге қатысады. Кітапхана ісінің жағдайын зерделеп, сараптаумен және оның дамуын болжаумен айналысады, стратегиялық басымдықтарын анықтап, тиімді әдістемелік шешімдерді қабылдайды.
Өкінішке қарай, аймақтардағы кітапханашы кадрлардың кітапхана ісін жаңғыртудың өзекті бағыттары бойынша білімдерін жаңартуға, бұрын алынған білім мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндіктері жоқ. Дегенмен Ұлттық кітапханада республика кітапханашыларының кәсіби білім деңгейлерін арттыру мақсатында арнайы ашылған Каталогизатор мектебі және Жазба құжаттарын консервациялау және қалпына келтіру мектебі жұмыс істейді.
Дегенмен кітапхана саласы бойынша мәселелер жеткілікті. Мәселен, біздің елде әлі күнге дейін кітапханалар туралы арнайы заңымыз жоқ. Сонымен қатар кітапхана қорын толықтыру және жаңарту, кітапханалардың материалдық-техникалық жағдайы, кітапхана ғимараттарының жағдайы, оларға күрделі жөндеу жүргізу – шешілмей келе жатқан мәселенің бірі. Сондай-ақ кадр мәселесі, кей өңірлерде кітапханалардың жабылып қалуы, кітапханашылар жалақысының аздығы секілді қордаланған мәселелер тек біздің Ұлттық кітапхананың емес, елдегі барлық кітапханалардың басында бар шешілмеген сұрақтар.
– Қателеспесем, осыдан бес-алты жыл бұрын елімізде кітапханшылардың басын қосатын Қазақстандық Кітапханалық Одақ құрылды. Ұйымның мақсаты қандай? Аталған одақ нақты қандай істер атқарып жатыр?
– 2017 жылы Ұлттық кітапхананың бастамасымен республика кітапханаларының жұмысын нығайту және үйлестіру мақсатында Қазақстандық Кітапханалық Одағы құрылды. Бүгінде өз бағытымен жемісті жұмыс атқарып келеді. Одақты құрудағы мақсатымыз – еліміздің кітапханаларын біріктіріп, олардың мүдделерін қорғауға атсалысу болатын. Қоғамда кітапхананың және кітапханашы мамандығының әлеуметтік мәртебесін көтеруге, сондай-ақ кітапханалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету. Біздің салада, аймақтарда жинақталып қалған өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешімін табу үшін бірлесіп күш салуды, қызмет етуді мақсат тұттық.
Осы одақтың ұймдастыруымен жыл сайын облыстық кітапханалар басшыларының қатысуымен одақ кеңесінің отырысы өткізіліп, ой-пікірлермен алмасып, саладағы қордаланған мәселелер талқыланады. Қазір одаққа 163 кітапхана мүше ретінде тіркелген. Аталған қоғамдық ұйымның ұйытқы болуымен «Кітап және Кітапхана. Книга и Библиотека. Book & Library» атты үш тілде кәсіби журнал жарыққа шығып отыр. Бұл басылымда түрлі сараптамалар, кітапхана саласындағы өзекті мәселелер мен айтулы оқиғалар, кітап пен қоғам байланысы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, т.б. түйінді мәселелер жазылып келеді. Сонымен қатар одақ тарапынан республика кітапханашыларын ынталандыру мақсатында «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі табысталады.
– Бүгінде қоғамның кітапхана саласына деген көзқарасы қалай?
– Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен кітапхана саласына, кітапханашылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылып келеді. Кітапханашылардың жалақысы да біршама өсті. Сонымен қатар 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға көтерілетін болады. Былтыр еліміздің кітапханашылары көптен күткен мерекеміз, 24 қазан – Кітапханашы күні болып ресми бекітілді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осы күнді атап өту – кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеріп қана қоймай, осы мамандыққа деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Кітапханашының қарапайым еңбегін, кітапхананың қоғам дамуында алатын әлеуметтік маңызды рөлін мойындау болып табылады. Кітапханашының еңбегі қаншалықты қарапайым болғанымен, олардың қоғам дамуындағы рөлі орасан зор. Бұл да кітапханашыларға үлкен қолдау болды деп санаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрболат АДЫРБЕК