Атырау полицейлері заңсыз айналымнан 200 келіге жуық бекіре тәркіледі.
Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы су айдындарында «Бекіре – 2023» кең ауқымды балық қорғау акциясы өтіп жатыр. 1 сәуірде басталған акция 31 мамырға дейін жалғасады.
Оның аясында Полиция департаментінің қызметкерлері ірі көлемде бекіре тұқымдас балық түрлеріне қол сұғушылық дерегін анықтады.
«Мәселен, Атырау қаласында орналасқан мейрамхананың тоңазытқышынан жалпы салмағы 73 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балық табылды. Ал 1995 жылы туған жүргізушінің автокөлігін тексеру кезінде 121 келіні құрайтын бекіре тұқымдас бағалы балық анықталды. Заңсыз айналымнан тәркіленген бағалы балық түрлері «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Қазір аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.