КС7375 Астана-Ақтау рейсін орындаған FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы шұғыл түрде Атырау қаласына қонды.
«8 мамыр күні сағат 23.30-да КС7375 Астана-Ақтау рейсін орындаған ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау қаласына қонуға мәжбүр болды. Рейс Атырау қаласының жергілікті уақыты бойынша 9 мамыр сағат 06.40-та қайта ұшады. Ұшу уақыты туралы өзекті ақпарат жолаушыларға брондау кезінде көрсетілген нөмірлерге жіберіледі. Сондай-ақ жолаушылар FlyArystan қосымшасында және FlyArystan.com сайтында рейстің статусын өз бетінше тексере алады», - делінген компанияның Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Мәлім болғандай, рейс 2 сағаттан артық кешіктірілген кезде жолаушыларға сусындар, 5 минуттан аспайтын 2 телефон қоңырауын немесе 2 электронды пошта хабарламасын жолдау мүмкіндігі ұсынылады.
Ал 4 сағаттан артық кешіктірілгенде ыстық тамақ ұсынылады.
5 сағаттан аса кешіктірілгенде бір рет тегін әуебилеттің уақытын өзгерту мүмкіндігі ұсынылады.