Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті инклюзивті білім беруді дамыта отырып, жоғары білім беру жүйесін өзгерту үдерісін жалғастырып келеді.
Жақында университетте жоғары оқу орындарында қолжетімді ортаны құруға арналған іс-шара өтті. Соның аясында Қазақстанда тұңғыш рет инклюзивті білім беру орталығы ашылды.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы білім беру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Орталық Парламент Мәжілісінің депутаты, Ғылым және жоғары білім министрінің штаттан тыс кеңесшісі Таңсәуле Серіковтің бастамасымен университет ректоры Мейрам Бегентаевтың және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылып отыр.
Орталықтың мақсаты – есту және көру қабілеті төмен студенттердің және басқа да ерекше қажеттіліктері бар студенттердің толыққанды білім алуына жағдай жасау. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытудағы проблемаларды шешуге ерекше ықпал етеді.
«Сапалы өмір салтын қалыптастыру үшін адам алдымен сапалы білім алуы керек. Жоғары білімді қолжетімді ету үшін осы бастамада біз Сәтбаев университетін таңдадық. Себебі бұл – Ұлттық университет, еліміздегі цифрландыруды бастаушылардың бірі. Оның үстіне, бұл – техникалық университет. Техникалық ғылымдарды қолжетімді етіп алсақ, гуманитарлық ғылымдарды қолжетімді ету оңайырақ болады», – деді Таңсәуле Серіков.
Аталмыш орталық ашылғаннан кейін, Сәтбаев университеті Тель-Авив университетінің достар қауымдастығымен бірлесіп, Tikkun Olam Makers: Almaty әлеуметтік мейкатонын іске қосты. Оның бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін шешуге бағытталған.
Tikkun Olam Makers – мүмкіндігі шектеулі жандар мен өнертапқыштарды біріктіретін жаһандық бастама, олар ұтқырлық пен ақпарат алмасу мәселелерін шешеді. Бір ай ішінде Алматы қаласы мен Алматы облысынан келген жеті команда нақты адамдардың әртүрлі мәселелерін шешумен айналысады. Мейкатонның алғашқы күні командалар мүгедектермен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын талқылады. Кездесудің соңында командалар өз ойларын ортаға салып, идеяларымен таныстырды. Маусым айында үздік идеяларды жүзеге асыру үшін, 72 сағаттық марафон өтеді.
Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы