Депутат Бауыржан Смағұлов бүгінгі Мәжіліс отырсында электр станциялары мен жылу және электр желілерін жөндеу қызметіне өзгеріс енгізуді талап етті. Ол елдегі жылу-энергетика саласының жағдайы мүшкіл екенін айтып, Премьер-министрден тез арада шара қабылдауды сұрады.
Бауыржан Смағұлов ұсынған мәліметке сәйкес, Қазақстандағы энергетикалық, яғни өңірлердің жылуына жауап беретін кәсіпорындардағы апат 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы 23%-ға артқан.
«Еліміздегі энергетикалық кәсіпорындарда жүргізілген тексеріс қорытындысы көңіл көншітпейді. Биыл бірінші қаңтардағы жағдай бойынша жылу өндіру саласында 37 энергия көзі жұмыс істейді. Олардың құрылғанына 61 жылдан асқан. Олардың материалдық жабдығының 66%-ы тозған. Ал кейбір қалаларда 80%-дан астам жабдық ескірген. Қазір осыған байланысты Мәжілісте заң жобасы қаралып жатыр. Аталған құжат энергетика саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді», – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, ел аумағындағы 12 мың шақырым жылу құбырының 3 мыңнан астамы толығымен алмастыруды қажет етеді. Осы ретте Бауыржан Смағұлов жылу-энергетикалық компанияларының жауапкершілігін күшейтіп, жуық арада жөндеу жұмыстарын жоспарлау үшін шекті тарифтерді бекітуді ұсынды.