Медициналық қызмет қолжетімді болады

Атырау облысының 2023-2025 жылға арналған кешенді жоспары және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін өңірде 30-ға жуық заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысан салынбақ.

Атырау облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше,  қазір  кешенді жоспарда көрсетілген 5 медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Және үш қосалқы стансасы бар жедел жәрдем стансасының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар биыл Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлерде тағы 5 нысанның құрылысы басталады. 

Кешенді жоспар бойынша Атырау қаласында екі емхана салынбақ.  Облыс орталығындағы Өркен және Нұрсая шағын аудандарында салынатын емханалардың  әрқайсысы 250 науқасты қабылдауға шақталған. 

Өңірдегі онкология дертіне шалдыққан науқастарға қызмет көрсететін Атырау қаласындағы облыстық онкологиялық диспансердің тозығы жеткен. 1973 жылы салынған  ғимарат заманауи қызмет көрсету стандарт­тарына жауап бере алмайды.  Осы орайда, облыс орта­лығындағы онкологиялық диспансердің 180 орындық радиологиялық корпусы салынады. 

«Бүгінде радиологиялық корпустың құжаты дайын. Оған қосымша онкологиялық диспансердің жобалау-сметалық құжаттары реттеліп жатыр. Атырау облыстық онкологиялық диспансерінде есепте 4500 адам тұр. Науқастарға 31 дәрігер-маман қызмет көрсетеді», – дейді Атырау облысы әкімдігінің  Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қайсар Абдалиев.

Облыстың бас дәрігері  радиология бөлімі  онкологиялық диспансердің негізгі құрылымдарының бірі екенін айтады.

«Аталған бөлім медицина ғылымы мен техника­сының заманауи жетістіктері негізінде зерттеудің сәу­ле­лік әдістерін пайдалана отырып, ауруларға диагнос­тика жүргізеді. Сондай-ақ химиотерапияның бір саласы ретінде қатерлі ісіктің алдын алу мен емдеуде көмек көрсетеді», – дейді Қайсар Абдалиев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ел бойынша медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі 44,7 пайызға жеткенін хабарлаған еді. Сондай-ақ еліміздің бас дәрігері республика аумағында жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарттарға сай келмейтінін атап өткен болатын. 

«Осы орайда облыста Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдық жерлерде денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етпек», – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы. 

Ерекше атап өтерлігі, Атырау облысы бойынша 2025 жылға дейін 18 ауылдық елді мекенде медициналық нысандарды, соның ішінде 11 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 6 фелдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған.

Биыл Махамбет ауданында 3 медициналық пункт және Қызылқоға, Жылыой аудандарында 2 осындай денсаулық сақтау нысаны ел игілігіне беріледі.  Жылыой ауданы Қарағай ауылы мен  Қызылқоға ауданындағы Айдын ауылында құрылысы жүргізіліп жатқан пункт жыл соңына дейін іске қосылмақ. 

Қазір Махамбет ауданындағы Аққайың, Көздіқара, Еңбекшіл ауылдарында дәрігерлік пункттердің құрылысы жүріп жатыр.

«Бұдан бөлек, келер жылы Құрманғазы ауданында 4 амбулатория, Индер, Махамбет, Исатай аудандарында да медициналық нысандардың құрылысы қолға алынады. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданының Кудряшова, Арна, Көптоғай, Афанасьева ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт, Индер ауданының Есбол ауылында, Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында, Исатай ауданының Жасқайрат ауылында медициналық нысандар салынады. Қазір бұл ауылдардан  нысан құрылысын жүргізу үшін тиісті жер телімі бөлінді», – дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қайсар Абдалиев.

Халық  саулығы мемлекет дамуын айқындайтын басты индикатордың бірі десек қателесе қоймаспыз. Сол секілді Атырау облысында денсаулық сақтау саласында қолға алынған шаралар легі медициналық қызмет көрсетуді  жаңа деңгейге көтереріне сенім мол. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы