Таразда 12 жастағы қыздың асқазанынан салмағы 1 келіден астам шаш шықты

Қазір қыз операциядан кейін оңалтудан өтіп жатыр

Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Тараз қаласының 12 жастағы тұрғынына сирек диагноз қойылды. Қыздың асқазанында шаш кесегі (трихобезоар) жиналып қалған, – деп хабарлайды  ДСМ баспасөз қызметі.

Қыздың анасының айтуынша, іштің жиі қайталанатын ауырсынуынан, тәбеттің төмендеуінен, салмақ жоғалтудан кейінгі соңғы 6 айда олар емханаға гастроэнтерологқа барып, ем алған.

Алайда нәтиже болмаған. Содан кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының балалар хирургына жүгінді.

Ауруханада арнайы зерттеп-қараудан (УДЗ, іш қуысының КТ, ФГДЭС) өткеннен кейін асқазаннан бөгде зат табылды.

Қыз шұғыл ауруханаға жатқызылды.

 

Аспаптық және зертханалық зерттеп-қарау нәтижесі толық дайын болғаннан кейін операцияға білікті мамандардың операциялық бригадасы – хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров, операциялық бөлімшенің меңгерушісі Қанат Дүйсебаев және анестезиолог Бақтияр Баялиев кіріседі.

Операция кезінде пациенттің асқазанынан шамамен 1,2 кг бөгде зат – трихобезоар (шаш кесегі) алынды.

Мамандардың біліктілігі ішкі ағзаларға зақым келтірместен асқазан-ішек жолдарының тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды.