Қазақстанда 600 мың қайыршы бар – танымал депутат

Таяуда ғана Мәжіліс депутаты атанған Ермұрат Бапи Қазақстандағы жайсыз жаңалықты айтып, дәл осылай дабыл қақты, – деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаттары бүгінде Үкіметке түрлі ұсыныстарын айтуда. Мәселен, жуырда ғана мандат алған Ермұрат Бапи соңғы 25 жыл көлемінде Қазақстан қазынасынан ұрланған, заңсыз әкетілген, әділетсіздіктің салдарынан қымқырылған, тоналған халықтың байлығын қайтару жөнінде мәселелермен айналысып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, елде тұрғындардың тұрмыс деңгейі күрт төмендеген. 

«Себебі біз қазір “Әділетті Қазақстан” құрамыз десек, ең бастысы әділеттіліктің үлгісін көрсетуіміз керек. Қоғамның ат төбеліндей бөлігі ұрланған активтердің есебінен шалқақтап өмір сүрсе, мына жақта негізгі қарайған халық кедейшіліктің жағдайында. Соңғы ақпараттарға қарағанда, қазір Қазақстанда жарты миллионға жуық қайыршы бар екен. Сондықтан біз қазір осы елдегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастыру үшін осы ұрланған байлықтарды қайтару мәселесімен айналысуымыз керек. Түгелдей 100 пайыз қайтып келеді деп ойлаймын. Бірақ негізгі бөлігі елге қайту керек. Қазақстанда 600 мың адам кедейлік деңгейінен төмен өмір сүреді екен. Бұл – ресми ақпарат. Кедейден төмен не бар? Қайыршылық қана ғой. Сондықтан бұл өте қорқынышты көрсеткіш», – дейді Ермұрат Бапи. 

Сондай-ақ таяуда ғана депутат атанған журналист бұл сұхбатында жаңа мандатындағы алғашқы айлығының көлемін ашық айтты.   

«Басқалардың айлығын білмеймін, менің соңғы бір айда алған айлығым 600 мың теңгенің маңайы. Біздің елде ең төменгі жалақы 70 мың теңгенің төңірегінде. Ал депутаттардың жалақысының мөлшері әр депутаттың лауазымдық жауапкершілігіне байланысты болу керек деп ойлаймын. Егер де сол депутатқа 150 мың теңге тағайындап, одан мемлекеттік тұрғыдағы жауапкершілікті талап ете алмайсың ғой. Ол ертеңгі күні сол 150 мың теңгеге күн көре алмайды. Басқа жақтан жұмыс іздеуге тура келеді, жұмыс жайына қалады. Сондықтан жұмыстың сапасы болмайды. Жауапкершілікті талап ету үшін осындай деңгейдегі жалақы қойғанды мен айып деп санамаймын. Әрине, әлемдік деңгеймен салыстырғанда бұл соншалықты көп ақша емес», – дейді депутат.