Жетісу облысында жоғалып кеткен кейуананы іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Панфилов ауданында полицейлер, шекарашылар, еріктілер және жергілікті тұрғындар хабар-ошарсыз кеткен 72 жастағы Орынбүбі Мұханованы іздеуді екінші күн жалғастырып жатыр.
Егде жастағы әйел ересек ұлымен бірге Лесновка ауылында тұрады.
13 мамырда ол үйден белгісіз бағытқа шығып, жоғалып кеткен.
Зейнеткердің туыстары аудандық полицияға арыз жазғаннан кейін іздеу жұмыстары ұйымдастырылды.
«Қазір хабар-ошарсыз жоғалып кеткен О.Мұханованы жаппай іздестіру шаралары басталды. Оған 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Олардың арасында шекара қызметінің әскери қызметшілері, полиция қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар бар. Іргелес таулы жерлер, иесіз қалған ғимараттар мен жақын орналасқан елді мекендерді қарап шықтық. Іздеу аймағы біртіндеп кеңейіп келеді. Сондай-ақ әйелге қатысты ақпарат өңірдің барлық полиция бөлімшелеріне жолданды», – деді Панфилов ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Ерлан Ерсайынов.
1950 жылы туған әйелдің үстінде қара түсті күртеше, қоңыр көйлек, жеңіл аяқкиім болған. Бойы 155-160 см, денесі арықша.
Қандай да бір ақпарат болған жағдайда мына телефондарға хабарласуға болады: 8 72 831 51 202, 8 778 744 00 30 немесе «102».