Ташкентте өткен әлем чемпионатында әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбай бірінші курста оқуынан шығып қалғаны белгілі болды. Бұл туралы журналист Ғалым Қожабек Facebook парақшасында жазды.
Ол Санжармен ұшақта кездесіп қалған.
"Бүгін Ташкенттен оралдық. Бір апта әлем чемпионатын көрдік. Құдайға шүкір, 5 жігітіміз: Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) әлем чемпионы атанып, Дулат Бекбауов (67 келі) күміспен күптеліп, төрткүл дүниенің алдында абыройымыз көтеріліп қайттық. Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты. Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік. Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқыған Санжар 17 жасында бокстан Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионы атанды. Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды", – дейді журналист.
Санжар журналиске оқуынан шығып қалғанын айтқан.
"Ол болса "Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түскен едім оқытушы-жаттықтырушы мамандығына. Бірақ оқуым ұзаққа бармады, бірінші курстың ортасынан бастап стипендиямды алып тастады, одан кейін сабаққа белсенді қатыспағаным және жазғы практикаға қатыспағаным үшін оқудан шығып қалдым. Ақылы оқуға ауысайын десем қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым. Ал 2022 жылы ересектер арасындағы чемпионатта чемпион атандым. Бірақ оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға" деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірді", – дейді Ғалым Қожабек.
Алайда Санжар жоғары білім алғысы келетінін жеткізген.
"Енді не істейсің?" десем, "Көкшетаудағы педагогика институтына баратын шығармын, спорт өмір бойы серік болмайды ғой..." деп отыр кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион. "Санжар бұл жағдайды жүрегіңе жақын алма, бір жөні болар, сен енді осы күздегі Азия ойындары мен алдағы жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарын ойла!", – дедім өзімше тілеуқор көңілмен, алтын медалін алақанында ұстап отырған, қазақтың абыройын аспандатқан Тәшкенбайға. "Оқығысы келетін балаға қарап ойланып қалдым...", – дейді журналист.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өкілдері бокстан әлем чемпионы атанған Санжар Тәшкенбайдың оқудан шығып қалуына қатысты түсінік берді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
"Санжар Ташкенбай басқа оқу орнына ауысу мақсатында өз өтініші бойынша университеттен шығарылған. Университет талантты студенттер мен түлектерді қолдайды. Санжардың өзі оқуын Еуразия ұлттық университетінде жалғастырғысы келсе, белгіленген ережелерге сәйкес қабылдауға дайынбыз", – дейді университет өкілдері.