Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында 63,5 келіде топ жарған этникалық қазақ Руслан Абдуллаевты жерлестері ерекше күтіп алды.
Чемпионды туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Ең қызығы, боксшы келгенде Өзбекстанның туы көтерілгенімен, әнші Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні ойнап тұрды.
Айта кетейік, 20 жастағы боксшы әлем чемпионатының финалында моңғол Чинзориг Баатарсухпен кездесіп, төрешілердің ортақ шешімімен жеңді.
Руслан Абдуллаев 2002 жылы Ташкент облысы, Қыбырай ауданы, «Қыпшақ» ауылында дүниеге келген. Ол былтыр Оманда өткен Азия чемпионатында да жеңіске жеткен болатын. 2020 жылы Қазақстанда да жұдырықтасқан. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған. Кейіннен Өзбекстанға оралып, 2021 жылы Өзбекстан чемпионы атанды. Сол біріншілікте үздік боксшыға берілетін «Руфат Рискиев кубогын» да иеленді.