Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың мегаполиске іссапарында партия кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті ашу және дамыту жолындағы кедергілерді жойып, жастардың бизнес бастауына қолдау көрсетеді деген болатын. Уәде орындалуда.
Оның бір мысалы, балабақша ашқан Дана Мирбекова. Жеке кәсіпкер қазір миллионды қала тұрғындары үшін өзекті болған балабақшалардағы орын жетіспеушілігін жоюға өз үлесін қосып келеді. Балабақшаны жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық жеңілдетілген несие алып ашып отыр. Кәсібін ашуға жөн сілтеген Shymkent Invest фронт-офисі. Аталмыш орталыққа бүгін "AMANAT" партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан Айтбаев, қалалық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Қайрат Имашев арнайы барды. Фронт-офис жұмысын бағдарлап, кәсіпкерлермен сұхбаттасты.
Орталық «бір терезе» қағидаты әдісімен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп, ондағы мамандар бизнес өкілдеріне кеңес беріп, жобаларды сүйемелдейді, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, фронт-офистің көмегіне 2 325 кәсіпкер жүгінген. 1 пайыздық үстемемен 52 кәсіпкер несие алған.
Бұл партияның сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаның Жол картасында кәсіпкерлік саласын дамытуға байланысты негізгі тармақтар қарастырылды. Шымкентте 2027 жылдың соңына дейін 80 мың жұмыс орнын ашу, кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар санын 200 мың адамнан асыру жоспарланған.
«AMANAT» партиясының бастамасымен Шымкентте 1,2 мың шағын және орта бизнес өкілін қолдауға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өз ісін бастаймын деген 9,5 мың азаматқа жыл сайын грант және 2,5 пайызбен микрокредиттер ашық және әділ бөлінуі қадағаланады. Жастар және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2,1 мың кәсіпкерге қолдау білдіру басшылыққа алынады.