Әлеуметтік желіде жастарға ағалық ақылын айтып, жұрттың сұрағына тікелей эфирде жауап беріп жүрген Нұрлан имам Байжігітұлы «Түнгі студия» бағдарламасында қонақта болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Жастар қайда болса, сол жерге барып дінді насихаттауға дайын екенін жеткізген Нұрлан имам «Базар тұрмақ, моншаға да барып дінді насихаттауға дайынмын», – деді. Тіпті, имам «Күйеуіме тоқал іздеймін» атты киноға да түсіп үлгерген.
Нұрлан имамның әлеуметтік желілердегі видеоларын көрген Президентіміз «Көңілді имам» деген пікір білдірген екен. Имам Мемлекет басшысының бірауыз сөзіне разы болғанын да жасырмады.
Барлық әлеуметтік желілерін өзі басқарып, видеоларды өзі өңдейтінін айтқан Нұрлан имам алдағы уақытта SMM мамандарынан кеңес алып, контент сапасына (SEO) көңіл бөлетінін де айта кетті. Қазір Нұрлан имамның видеолары ТМД елдері бойынша көптеп қарала бастаған екен.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрлан имам 12 мамырда жаңа қызметке тағайындалған болатын.