Қазақстандық велосипедші Дінмұхамед Ұлысбаев 24 жасында өмірден өтті, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Қазақстан велоспорт федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Дінмұхамед Ұлысбаев былтыр күзде спорттан біржола кетіп, құрама сапынан шыққан. Ол виза жасатып, АҚШ-қа өз жұмыстарымен барған.
"Әрі қарай не болғанын білмейміз. Спорт бойынша кетсе, біз анықтар едік. Өйткені ол жақтағы полиция тек әке-шешесіне хабар береді", – деп хабарлады Қазақстан велоспорт федерациясының баспасөз қызметі Massaget.kz тілшісіне.
Дінмұхамед Ұлысбаев тасжолдағы велоспорт бойынша Азия чемпионатын жеңді, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы атанды, сондай-ақ бірнеше рет ҚР Ұлттық чемпионатының медальдарын жеңіп алды.
Қазақстанның велосипед спорты федерациясы Дінмұхамед Ұлысбаевтың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.