Интернет-жарнама мен онлайн-платформалардағы қызметті заңмен бекіту не үшін қажет?

Жаңа заң жобасы интернет-жарнаманың және онлайн-платформалардағы қызметтің заңнамалық негіздерін белгілеуге бағытталған.

Бір ай бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заң жобасының консультативтік құжатын жариялады. Артынша депутаттар мен қоғам белсенділері елімізге мұндай заңнаманың не үшін қажет екенін түсіндіріп, айта бастады. Жаңа заң жобасы интернет-жарнаманың және онлайн-платформалардағы қызметтің заңнамалық негіздерін белгілеуге бағытталған. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі 6-74 жас аралығындағы қазақстандықтардың 90%-дан астамы интернет пайдаланушылар. Осы тұста жаңа заңнаманы әзірлеушілер, Қазақстанда онлайн-платформалардың тиісті түрде жұмыс істеуі үшін қажетті заңнамалық негіз қалыптастыру қажет екенін айтады.

«Интернет-жарнама құралдары үнемі жетілдіріліп отырады және күн санап түрленіп келеді. Соған қарамастан, Қазақстанда олардың құқықтық өрісте жұмыс істеуі үшін қажетті заңнамалық негіз толыққанды қалыптастырылмаған. Өзекті тұжырымдамалық аппарат жоқ, пайдаланушылардың өзара және онлайн-платформалар әкімшілігімен іс-қимылы нақтыланбаған, аталған сектор реттелмейтін «сұр аймаққа» толы. Мұның бәрі нақты реттелген құқықтық салада жұмыс істейтін кәсіби журналистер мен дәстүрлі БАҚ арасындағы теңсіздікті жояды. Өйткені олар аудитория үшін онлайн-платформа субъектілерімен бәсекелесуге мәжбүр», – делінген жаңа заң жобасының мәтінінде.

Мамандар әлеуметтік желілердегі жарнаманың қарқынды өсуі креативті индустрияның дамуына серпін береді деп есептейді. Мәселен, жыл сайын әлемде интернет-жарнамаға кететін шығын мөлшері орта есеппен 15% өсіп отырады екен. eMarketer-дің зерттеуінше, әлемде кейінгі бір жыл ішінде интернеттегі таргетке 491,7 млрд АҚШ доллары шамасында қаржы құйылған. Ал Қазақстанда бұл мөлшер 34,4 млрд теңгеден асқан.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеп жатқан «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» заң жобасында нақты жаза шарттары көрсетілмеген. Әзірге онда тек мемлекеттік реттеу механизмдерін пысықтауды жоспарлап отыр. 

Осы ретте жаңа заң нормалары онлайн-платформалардағы және инфлюенсерлердің коммерциялық коммуникацияларындағы бүкіл жарнаманы «мөлдір», айқын ету тетіктерін қарастырады. Осы заң жобасы қабылданған жағдайда блогерлер мен вайнерлердің нені жарнамалап және насихаттап жүргені бақылауға алынбақ. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар, блогерлер, қоғамдық пікір көшбасшылары, вайнерлер сынды басқа онлайн платформада коммерциялық қызметпен айналысатын тұлғалар өз қызметін тек заң негізінде атқаруға міндеттеледі. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстан «Интернет-жарнама және онлайн-платформалар туралы» жаңа заңды еуропалық Digital Services Act (DSA) немесе «Цифрлы қызметтер туралы» деп аталатын жаңа заң үлгісіне сүйеніп жасамақ. 

Digital Services Act-тің негізгі бағыттарының бірі – онлайн платформалардағы жарнама. Онда тек балалардың аккаунтын іріктеп алып, соларға таргеттелген жарнаманы көрсетуге тыйым салынады. Сәйкесінше ересектерді де жеке топтарға бөліп, жарнаманы соған қарай бейімдеу процесі жүргізіледі. Дегенмен мұнда да шектеу бар: атап айтқанда, пайдаланушылардың дербес деректеріне, соның ішінде ұлтына, нәсіліне, саяси көзқарастарына немесе сексуалды бағдарына бағытталған жарнамаларды нысаналап көрсетуге жол берілмейді.

 

Заң жобасын Үкіметке ұсынғандар ол қабылданған жағдайда мынадай өзгерістер болуы мүмкін екенін жеткізді:

Азаматтардың ақпарат алу және тарату құқығын іске асыруға қауіпсіз онлайн саланы қалыптасады;

Онлайн-платформалар мен қазақстандық интернет тұтынушылар арасындағы тиімді кері байланыс;

Қазақстанда интернет-жарнама заңдастырылады;

Онлайн-платформаларда экономикалық қызметтің ашықтығын арттыруға ықпал етеді;

Интернеттегі интерфейстің мемлекеттік тілде дамуы;

Отандық контент өндірушілерін қолдау.

 

Бүгінде қоғам пікірі екіге жарылды. Бір тобы азаматтардың медиасауатын арттырып, интернет жарнама мен онлайн-платформалар арқылы жасалатын алаяқтықтың жолын кесу үшін аталған заң жобасы қажет деп санайды. Ал екінші тобы бұл демократия заңдылығына қайшы келіп, сөз бостандығын шектей ме деп алаңдаулы.