Осыдан 2 жыл бұрын Алматы облысында бойжеткенді зорламақ болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырған еді. Тергеу барысында қызға және оның туыстарына біраз қысым көрсетілгені анықталды. Бұл туралы жапа шеккен қыздың адвокаты Жанна Оразбахова Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтты.
«Ол таксист емес, Алматы облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сол кездегі қызметкері болып шықты. Қыз аялдамада тұрған кезде, ол жеткізіп салуды ұсынған. Ер адам қыз баланың хиджабта екенін пайдаланып, оның сеніміне кіріп «мен орамалдағы қызды ешқашанда ренжітпеймін» деген. Осылайша, ол оны өз көлігіне отырғызған. Қыздың жасы ол уақытта шамамен 22-23 жаста болған, бірақ өзі өте нәзік», – дейді адвокат Жанна Оразбахова.
Ер адам қыз баланы көлікке отырғызғаннан кейін есіктерін құлыптап, трассадан ауыл жолына бет алған. Қыз жағдайдың қауіпті екенін бірден түсініп, анасына телефон шала бастаған. Алайда, ер аадам оның ұялы телефонын жұлып алған.
«Осыдан кейін ол далалы жерге тоқтап. Көліктің артқы жағына қыздың жанына отырып, оны зорламақ болған. Қыз бірден хиджабтағы инелерін алып, жігіттің қолына тыға бастаған. Содан кейін ер адам «мен сені қазір зорлап, өлтіріп, осы жерге көміп кетемін. Сені ешкім таба алмайды немесе қарсылық танытпа» деген. Содан соң жігіт сыртқа шығып, көліктің артқы багажнигін ашқан. Сол сәтте қыз жартылай жалаңаш күйінде көліктен шығып, қаша жөнелген. Ер адам оны қуып жетіп, шашынан жұлып, кері көлікке қарай сүйреген. Қыз жерден топырақ алып, оның көзіне шашып жіберген. Дәл сол сәтте өзге бір көліктің жарығы түседі. Басқа көліктің жарығын көрген еркек оқиға орнынан тайып тұрады. Содан өзге көліктегілер қызды жақын маңдағы полиция бөлімшесіне жеткізген», – дейді адвокат.
Бұл оқиғадан кейін сот үкімі шығып, күдіктіге 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Кейін белгілі болғандай, тергеу барысында қызға және оның туыстарына біраз қысым көрсетілгені анықталды.
«Сотталушының туыстары келіп, оған ақша лақтырып, арызын кері алуды талап еткен. Тіпті бір бейтаныс адамдар келіп «егер сен арызыңды кері қайтарып алмасаң біз сені террорист қыламыз, өйткені сен хиджаб киесің, дәстүрлі емес діннің өкілі ретінде көрсетеміз, сенен қару табылады, сені терроризм үшін соттайды» деп қорқытқан. Міне, осы жағдайдан кейін Мемлекет басшысына ашық түрде үндеу жасауына тура келді. Қызға тіпті мұсылмандар қауымдастығынан келіп «кешірімді болайық, оның балалары бар, сен мұсылмансың ғой, оны кешіруің керек, ол сені өлтірген жоқ қой» деп көндірген болмақ», – дейді адвокат.
Еске салайық, 2021 жылдың қаңтарында Алматы облысының тұрғыны Айя Өмірзақова 2020 жылдың қыркүйек айында такси ретінде көлігімен тоқтап, кейіннен бойжеткенді алысқа апарып, көлігінде зорламақшы болған азаматтан қашып кетуіне көмектескен үш куәгерге (жігіттер – авт.) іздеу жариялады.
9 сәуірде «Мені құқық қорғау органының қызметкері зорламақ болды» деген Алматы облысының тұрғыны Айя Өмірзақова өзіне жала жабылып, алаяқтық бабы бойынша тергеліп жатқанын айтты.
2021 жылдың 10 тамызында орган қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сот оны 9 жылға бас бостандығынан айырды.