Тілім менің – тірлігімнің айғағы

Додаға 73 команда қатысты.

Алматы облысы Қонаев қаласындағы «Балдәурен-Қонаев» республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының авторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті  Нұрша Оразахынованың «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» ІІІ халықаралық командалық олимпиадасы өтті. Жарысты Білім мазмұнын дамыту институты ұйымдастырды.

Халықаралық олимпиадаға еліміздің Астана, Алматы қаласы мен Қызылорда өңірлерінен және Моңғолиядан келген 215 оқушы, 60 жетекші қатысты. Іс-шарада 73 команда бақ сынады.

 

Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Кіші ғылым академиясының вице-президенті Валентина Грищенко, Білім мазмұнын дамыту институтының директоры Бауыржан Айткаримов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаналик Балтабаева құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның білім алушыларды дамыту және Қазақстан Республикасының тіл саясаты саласындағы білімдерін нығайту үшін маңыздылығын атап өтті.

 

Жарысты білім беру саласының білікті жетекшілері мен педагогтары: Жаналик Балтабаева, Қалбике Есенова, Құралай Мұхамади, Гүлназ Бейсенбекова, Роза Бақбергенова, Дариға Сатемирова, Гүлназ Нөптекеева, Нұргүл Жайкина, Салтанат Құсайынова, Ұлбосын Байтасова, Ұлжалғас Ағыбаева, Гүлмира Тайгарина, Нұргүл Кубиева, Дания Коспаева, Медет Қондыбай, Нұржамал Әзімбай бағалады.

 

Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Барлық командалар «Сатылай кешенді оқыту» технологиясын басшылыққа ала отырып, өз тапсырмаларын орындады. Қатысушылар еліміздің тілін, мәдениеті мен тарихын білу бойынша күрделі тапсырмалар орындап, жазба жұмыстарында шығармашылық қабілеттерін де көрсетті. Нәтижесінде, әр номинация және команда бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Олимпиаданың соңында барлық қатысушыларға және олардың жетекшілеріне сертификаттар табыс етілді. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталды.

Олимпиаданы ұйымдастырушылар қатысушылардың дайындығының жоғары деңгейін атап өтіп, тілдік білім беруді дамыту және ана тілін кеңінен насихаттау мақсатында мектептермен ынтымақтастықты жалғастыруға сенім білдірді.

Рақымберді Қажығалиұлы ЖЕТІБАЙ, БМДИ құрылтайшысы