Бүгін Мәжіліс депутаттары Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жәрдемақы мәселесі жөніндегі заң жобасын қарауға кірісті. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды.
«Аталған заң жобасы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асатын Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасы бойынша әзірленіп жатыр.
Бұл – Президент жүзеге асырып жатқан ауқымды реформалар бағдарламасының негізгі бастамаларының бірі.
Аталған бастама туралы Президент былтырғы жылдың 1 қыркүйек күні жариялаған Жолдауында айтқан болатын.
Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» жобасы жас қазақстандықтардың кәмелет жасына толған кезінде өзінің баспана жағдайын жақсартуына немесе білім алуына мүмкіндік береді.
Осылайша, Президенттің әлеуметтік маңызды бастамасы заң тұрғысынан рәсімделіп, Ұлттық қордың қаржысы халықтың мүддесі үшін жұмыс істей бастайды», – деді ол.
Бұған дейін Ұлттық қордан балаларға арнап қаржы бөлінетіні туралы жазған болатынбыз.