Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов оқу жылының 31 мамырға дейін ұзартылуына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Мәжіліс кулуарында журналистер экс-министрден оқу жылы аяқталатын уақытты ауыстыру қаншалықты дұрыс болғанын сұрады.
"Оқу жылын созу жақсы қабылданбайтынын білдім, бірақ дәл сол уақытта бұл шешім керек деп ойладық. Тиісті министрліктің өз құзыреті бар. Өзі айналысады. Әр меморганның, депутаттың өз құзыреті бар. Министрліктің де. Біздің міндет – заң қабылдау. Қабылданған заңдардың орындалу мәселесі. Тиісті жұмыс істейміз", – дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласы білім басқармасы өкілі қала мектептеріндегі соңғы қоңырау мен бітіру кештері қашан өтетінін айтқаны хабарланған еді.
Басқарма мәліметінше, Алматы мектептерінде соңғы қоңырау 1 маусымда өтеді. 4, 9 және 11-сынып оқушылары үшін оқу жылы аяқталуына орай салтанатты жиындар өткізіледі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес оқу жылы 31 мамырда аяқталады. Оқу жылының соңғы күнінде жалпы білім беретін мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтар өткізеді және күнді сынып сағатын өткізумен аяқтайды.