Ал 395 мың гектар жердің жүктемесі 20 пайыздан да аз. Кейбір аудандар пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтаруға асығар емес. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысында осындай мәліметтер келтірілді.
Солтүстік Қазақстан облысында жайылым жер тапшылығы мәселесі көтеріліп жүргелі бірнеше жылдың жүзі болды. Соның салдарынан қаншама ауылдық малын сойып сатуға да мәжбүр болғаны жасырын емес. Тіпті, ірі шаруашылықтар да шатқаяқтап тұр: не шөп шауып, жемазық дайындайтын, не мал бағатын алқабы жоқ. Солай бола тұра, Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 7,2 миллион гектар, соның 2 миллионы жайылым жерлер.
«Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ веб-порталының мәліметінше, облыс бойынша 917,3 мың гектар жайылым жер пайдаланылмай бос жатыр. Ал 522 мың гектар алқапта мал жоғы анықталған. 395,3 мың гектар жер толық пайдаланылмайды: жүктемесі 20 пайыздан да кем. «Жер аманаты» комиссиясының отырысында осындай деректер келтірген Солтүстік Қазақстан облыстық Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіш бұл мәліметтерді мұқият тексеру үшін аудандардағы жер қатынастары бөлімдеріне жіберілгенін жеткізді. Алайда оның айтуынша, кейде бұл деректер расталмай қалатыны да бар.
Департамент басшысы кейбір аудандарда пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді қайтару жұмысы ақсап тұрғанын жасырмады. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов атындағы және Шал ақын аудандарындағы қарқын өте баяу. Бұл екі ауданда жоспар сәйкесінше 48 және 17,8 пайызға ғана орындалған. Жалпы, биыл қаңтар-сәуір айларында облыс бойынша 46 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс болатын. Соның тек 44 мыңы ғана қайтарылыпты. Яғни, жоспар толық орындалмаған: 96,3 пайыз ғана. Жоспарды 13 ауданның тек жетеуі ғана толық орындапты.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге болмайды, жүргізілген жұмыс аз емес. Өткен кезеңде департамент 18,4 мың гектар алқапта 16 тексеріс жүргізіп, 11 олқылық анықтаған. Оның басым бөлігі бір тектес кемшілік: 17,4 мың гектар жайылым жерде мал басы жоқ. Осы заңбұзушылықтарды жою туралы 11 ұйғарым беріліп, Мемлекеттік кірістер комитетінің облыстық департаментіне жолданды. Енді өз жұмысында кемшілікке жол берген жер иелеріне 20 есеге ұлғайтылған салық мөлшерлемесі қолданылмақ. Сондай-ақ 621 мың теңгеге 8 айыппұл салынып, соның 345 мың теңгесі өндіріліп алынған.
Кейбір даулар сот арқылы шешіліп жатыр. Мәселен, заңды бұза отырып жалға берілген 14,3 мың гектар жер теліміне қатысты келісімшартты бұзу үшін сотқа 30 шақты талап арыз түсірілген.
Бұған қоса, облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы даулап жүрген алқаптар жетерлік. Заңды бұза отырып жеке және заңды тұлғаларға берілген 27,5 мың гектар жайылымды елді мекендердің пайдалануына қайтару үшін жергілікті атқарушы орган сотқа жүзден астам талап арыз түсіріпті. Соның 15,5 мың гектарына қатысты іс оң шешімін тапқан. Тағы 50 талап арыз берілмек. Мұндай мәліметтерді басқарма басшысы Мейрам Меңдібаев келтірді.
Жалпы, былтыр облыс бойынша пайдаланылмайтын және заңсыз берілген 304,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жылдық жоспар 101,4 пайызға орындалған. Қайтарылған жердің 23,5 мың гектары – егістік, 260,3 мыңы – жайылым жер.
«Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлердің 40,3 мың гектары жайылым тапшылығын азайту мақсатында ауылдық елді мекендерге берілді. 40,4 мың гектар жер пайдаланушыларға жалдау құқығын беру бойынша конкурстар арқылы ұсынылды. 223,4 мың гектар – қордағы босалқы жерлер. Олар бойынша ауыл тұрғындарының малын жаю үшін ауылдық елді мекендерге беру бойынша жұмыс, яғни жер-кадастрлық құжаттаманы ресімдеу жүргізілуде. Сондай-ақ конкурс өткізу арқылы жердің бір бөлігі ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқысы келетіндерге берілетін болады», – деді Мейрам Жақсылықұлы.
Биылғы жоспар бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында 330 мың гектар жер қайтарылуы тиіс. Мемлекеттік органдардың басшылары жоспар орындалады деп уәде берді. Бұл жұмысқа құзырлы мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жұдырықтай жұмылды. Өңірлік «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Болат Данияров өңірде жер мәселесі өте өткір тұрғанын, әрбір үшінші жер үлесіне қатысты қандай да бір қиындық бар екенін айтып, бұл ретте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, бірлесе жұмыс істеу керегін тағы бір еске салды.
Бұл күні «Жер аманаты» комиссиясының қабылдауына жүгінген азаматтардың өтінішінен де өңірде жер дауы өткір тұрғаны аңғарылды. Өтінішпен келушілердің мәселесі де алуан түрлі.
Мәселен, Қызылжар ауданы Чапаев ауылының тұрғындары жайылым жердің тапшылығына шағымданса, Шаховское ауылында үлескерлер жер үлестері үшін «Крахмал Агро» ЖШС-ынан төлемақысын ала алмай жүр. Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы Ялты ауылының және Шал ақын ауданы Балуан ауылының тұрғындары өздерінің келісімінсіз сатылып кеткен жерлерін қайтаруды сұрайды. Кейбір азаматтар заңнамалық тұрғыдан ақыл-кеңес пен құқықтық көмек сұрап келді.
Комиссияға жүгінген адамдардың барлығына заңгерлік және құқықтық кеңес және бағыт-бағдар берілді. Сотта қаралып жатқан істер бойынша қандай өтініш жазу керегі түсіндірілді. Жүгінушілердің өтініштері шешу жолдарын қарастыру үшін тиісті мекемелерге жіберілетін болды.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы